Павлодарда автобус өртенді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда шағын автобус толығымен жанып кетті. Оқиға Павлодар қаласынан Омбы бағытына шығатын жолда болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, өрт шыққаны туралы хабар 6 қараша күні сағат 23:36-да келіп түскен.
- Автожолда 2010 жылғы Mercedes-Benz Sprinter шағын автобусының қозғалтқыш бөлігі мен салоны 6 шаршы метр аумақта толығымен жанып кетті. Өрт сағат 23:48-де сөндірілді, - деді департаментте.
Апаттың орын алу себебі, электр сымдарының қысқа тұйықталуынан болған. Шығын есептелуде.
Оқиға орнында жеке құрамның 8 адамы мен 2 техника жұмыс жасады.