Павлодарда балаға қол көтерген тәрбиеші жұмыстан шығарылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында балаға қол көтерген мамандандырылған балабақша тәрбиешісі жұмыстан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот тәрбиешіні 5 жасар баланың денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірді деп таныды.
Павлодар қаласы білім бөлімінің мәліметінше, сот шешімінен кейін тәрбиеші жұмыстан босатылды. Сондай-ақ сот тәрбиешіге 15 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (1 АЕК 3180 теңгеге тең) айыппұл салды.
Еске салайық, оқиға 18 қазан күні №52 мамандандырылған балабақшада болды. Ұлының денесінен көгерген іздерді байқаған ата-ана мектепке дейінгі мекеменің басшылығына хабарласқан. Мекемеде орнатылған бейнекамералардың жазбаларын қарап шыққаннан кейін, баланың анасы полицияға шағымданды.
Фото:pavlodarnews.kz