Павлодарда балалар тегін жаттығатын жаңа бокс залы ашылды

Шараға Павлодар қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов және бірқатар спорт ардагерлері қатысып, залдың құрал-жабдықтарымен танысып көрді. Сондай-ақ, олар кәсіпкердің игі бастамасына алғыс айтып, тәрбиеленушілерге спортта үлкен жеңіс тіледі.
Жаңа спорт нысаны «Агропромстрой-ПВ» ЖШС-нің қаржыландыруымен жабдықталған. Кәсіпорынның басшысы Артем Филиппиннің айтуынша, залды толығымен күрделі жөндеуден өткізіп, соңғы үлгідегі заманауи спорттық құрал-жабдықтарымен толықтыру үшін үш миллионға жуық теңге бөлген.
Спорт клубының жалпы аумағы - 237 шаршы метр. Жаңа жаттығу залында жуынатын және киім ауыстыратын бөлмелер, соққыға арналған манекен, қолғап, грушалар және жекпе-жек өтетін шаршы алаң бар.
«12 жасқа дейінгі балаларды тегін қабылдасақ, ересектерді ақылы жаттықтырамыз. Мұнда негізінен № 5 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің және балалар-жастар спорт орталығының тәрбиеленушілері келеді. Мақсатымыз - Павлодардан болашақта әлем және олимпиада чемпиондарын шығару», - дейді Артем Филиппин.