Павлодарда балалар жол апатына жиі ұшырап жатыр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде жалпы жол ережелерін бұзу деректері 30 % көбейген. 2025 жылы осы уақытта 83 мың 466 дерек тіркелсе, жыл басынан 109 996 анықталған. Велосипед және мопед жүргізушілеріне қатысты жол-көлік оқиғалары жиілеп отыр.
Аймақта жол-көлік оқиғаларының 79,5 %-ы Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында тіркелген. Мамандарды балалардың жол-көлік апатына жиі ұшырауы алаңдатып отыр.
- Кәмелетке толмағандарға қатысты жағдайлар 29,1 %-ға, апат салдарынан көз жұмғандар 33,3 %-ға, ал зардап шеккендер 21,2 %-ға өскен. Мәселен, биыл 121 бала жол-көлік оқиғасында зардап шеккен. Олардың 67-сі көлік ішінде болса, 55 жеткіншекті жаяу жүргіншілер жолағымен және рұқсат етілмеген жерден жолды кесіп өту кезінде көлік соққан. 7 бала мопед және электр самокатпен жүргенде жол-көлік оқиғасына тап болған, - деп хабарлады Павлодар облысы әкімдігінен.
Құзырлы органдар ата-аналар мен көлік жүргізушілерді тәртіпке шақырып отыр. Полицейлерге мопед және велосипед жүргізушілерінің заңнаманы сақтауын қадағалауды күшейту жүктелді.
Еске сала кетейік, Астана-Павлодар жолында көлік апатына түскен жас жігіт екі аяғынан айырылды.