Павлодарда балаларды басынан кастрюльмен ұрған тәрбиешіге қылмыстық іс қозғалды

бала
Фото: Pexels

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Балабақша қызметкері 1-2 жасар тілі шықпаған бүлдіршіндерді басынан кастрюльмен ұрған. Ата-аналар бұл жайтты бейнебақылау камерасын қарау барысында білген.

Әлеуметтік желіде Павлодар қаласындағы № 16 балабақша тәрбиеленушілерінің ата-анасы мекемеге шағымданып, жазба жариялады.

Биылғы 3-4 маусым күндері түсірілген бейнежазбада тәрбиешінің кішкентай балаларды басынан кастрюльмен ұрып жүргені түсіп қалған.

«Ата-аналар полицияға жүгінді. Тәрбиешіге кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағанына байланысты қылмыстық іс қозғалды, оның қорытындысы бойынша процесуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Павлодар қаласы білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемеде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Тәрбиеші барлық жайт анықталғанша қызметінен шеттетілген.

Еске сала кетейік, мұның алдында Ақмола облысында баланы шымшып алған тәрбиеші жазаға тартылған еді. 

Соңғы жаңалықтар
telegram