Павлодарда банкроттық пен қарызын жеңілдетуге өтініш бергендер көбейді: борыштан құтылудың тиімді жолы қандай

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - 2023 жылдан бері Ертіс-Баян өңіріндегі сот арқылы небәрі 20 адам банкрот деп танылса, 134 адам төлем қабілетін қайта қалпына келтірген. Ал соттан тыс банкроттық рәсімін пайдаланған азаматтардың 3 694-іне оң шешім шығарылған.

банкрот
Фото: Kazinform / Pixabay

Павлодар облысында азаматтардың банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне жүгінуі бойынша статистика арта түскені байқалады. Әсіресе миллиондаған қарызы бар тұрғындардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру тәртібіне қызығушылығы күрт өскен. Алайда мамандар сотқа өтініш беру азаматтың автоматты түрде банкрот деп танылатынын білдірмейтінін айтады. Құжаттардың толық болмауы, заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмеу, атыңызда мүліктің тіркелуі сияқты жайттар өтініштің кері қайтарылуына себеп болуы мүмкін.

Kazinform тілшісі өңірдегі банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімдерінің статистикасын зерделеп, азаматтар жиі жаңылысатын сәттер мен борыштан құтылудың құқықтық салдарын анықтады.

Банкроттыққа сұранғандар артып келеді

Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы заң 2023 жылдың наурызында күшіне енгені мәлім. Содан бері қаржылық қиындыққа тап болған тұрғындарға соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің бірнеше тетігі ұсынылып келеді.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, 2023 жылғы 3 наурыздан 2026 жылғы 29 қазанға дейін соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану мақсатында тұрғындардан 19 641 өтініш түскен. Оның ішінде 3 694 тұрғын ресми түрде банкрот деп танылған. Ал 14 277 азаматтың өтініші заңда белгіленген талаптарға сәйкес келмегендіктен қабылданбаған. Қазіргі уақытта тағы 888 борышкер аталған рәсімнен өтіп жатыр.

Бауыржан Ахметбек
Фото: Бауыржан Ахметбектің жеке мұрағатынан

- Бұл көрсеткіштер өңірде банкроттық рәсіміне жүгінушілердің едәуір бөлігі заң талаптарына сай келе бермейтінін аңғартады. Басқаша айтқанда, қарызды төлей алмау дерегінің өзі банкроттыққа негіз бола алмайды. Азаматтың мүлкі, кірісі, берешек көлемі және қарызды өтеу мерзімі де ескеріледі. Қазіргі уақытта соттан тыс банкроттық рәсімі аясында қанағаттандырылған, яғни есептен шығарылуға жататын берешектің жалпы сомасы 6 млрд 203 млн 242 мың теңгеден асады, - дейді департамент басшысының орынбасары Бауыржан Ахметбек.

Өңірдегі өтініштердің аумақтық бөлінісіне келсек, олардың басым бөлігі облыс орталығы мен ірі қалалардан түскен. Tazalau ақпараттық жүйесінің деректері бойынша, Павлодар қаласында - 6 689, Екібастұзда - 4 701, Павлодар ауданында 3 513 өтініш тіркелген.

Қарызды жабудың бір жолы - төлем қабілеттілігін қалпына келтіру

Өңірдегі сот статистикасы азаматтардың банкроттықтан бөлек, қарыздарын біртіндеп өтеуге мүмкіндік беретін рәсімге де жиі жүгінетінін көрсетеді. 

Павлодар облыстық сотының мәліметінше, 2023 жылы төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы 22 өтініш түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 34-ке жеткен. Ал 2025 жылы бірден 235 өтініш тіркелген. 2026 жылдың алғашқы он айында олардың саны 524-ке дейін өскен. Осы уақытқа дейін барлық түскен өтініштердің небәрі 134-і ғана талапқа сай деп танылып, қанағаттандырылған. Бұл – барлық өтініштің 16%-ына ғана оң шешім шығарылғанын аңғартады. Облыстық сот өкілдері мұны азаматтар ұсынылған құжаттардың толық болмауымен және қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келмеуімен түсіндіреді. 

Ал сот арқылы банкроттық туралы өтініштер саны да біртіндеп көбейген. 2023 жылы 73 өтініш тіркелсе, 2024 жылы 93-ке, 2025 жылы 104-ке жеткен. 2026 жылдың алғашқы он айында соттарға 116 өтініш түскен.

Жалпы төлем қабілетін қалпына келтіру мен банкроттық рәсімнің арасында маңызды айырмашылық бар. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру азаматты банкрот деп танымай-ақ, берешегін белгілі бір мерзім ішінде өтеуге мүмкіндік береді. Ал сот банкроттығы борышкердің қарыздарын өтеуге жеткілікті табысы немесе мүлкі болмаған жағдайда қолданылады.

Баянауыл аудандық сотының судьясы Жұлдызай Мұхамбетжанованың түсіндіруінше, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі тұрақты табысы бар немесе мүлкінің құны барлық міндеттемелерінен асатын азаматтарға арналған. Бұл жағдайда бес жылға дейінгі мерзімді қамтитын төлем жоспары жасалуы мүмкін.

Баянауыл аудандық сотының судьясы Жұлдызай Мұхамбетжанова
Фото: Жұлдызай Мұхамбетжанованың жеке мұрағатынан

- Ал сот арқылы банкроттық рәсімі заңда белгіленген талаптарға сай келетін, қарыздарын өтеуге нақты мүмкіндігі жоқ азаматтарға қатысты қарастырылады. Сот әрбір істің мән-жайын, борышкердің қаржылық жағдайын, кредиторлардың талаптарын және қаржы басқарушысының қорытындысын ескереді. Сотқа жүгінгендердің бәрі банкрот деп танылмайтыны содан, - дейді судья.

Неліктен оң шешім шығарылмайды?

Статистикаға ден қойсақ, өтініштердің бір бөлігі сотта қанағаттандырылмайды немесе қараусыз қалдырылады. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы он айында сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы 116 өтініш түскен. Оның 53-і қайтарылған, 25-і қараусыз қалдырылған. Шешім шығарыла отырып қаралған 31 істің 15-і бойынша азаматтардың талабы қанағаттандырылса, 16 іс бойынша бас тартылған.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша көрініс сәл өзгеше. 2026 жылдың он айында шешім шығарыла отырып қаралған 151 істің 114-і қанағаттандырылған. Тағы 37 өтініш бойынша азаматтардың талабы қабылданбаған. Сонымен қатар 198 өтініш қайтарылып, 74 іс қараусыз қалдырылған.

Судья Жұлдызай Мұхамбетжанованың айтуынша, ең алдымен азаматтың нақты қаржылық жағдайы жан-жақты зерделенеді. Атап айтқанда, оның табысы, шығысы, банктік шоттары, жылжымалы және жылжымайтын мүлкі, кредиторлар алдындағы міндеттемелері тексеріледі.

- Өтініш заңда белгіленген рәсім талаптары сақталмаса, ұсынылған құжаттар толық болмаса немесе жалған мәлімет берілсе, азаматтың төлем қабілетсіздігі дәлелденбесе, қарызды өтеуге жеткілікті табысы немесе мүлкі бар екені анықталса, заңда көзделген өзге де міндетті шарттар орындалмаса қанағаттандырылмайды. Сот азаматтың мүлкін әдейі жасыруына, жалған ақпарат беруіне немесе кредиторлардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттеріне де назар аударады, - дейді ол.

Ал Мемлекеттік кірістер департаментінің ақпарынша, соттан тыс банкроттық рәсіміне өтініш берушілер көбіне үш негізгі талапқа сәйкес келмейді:

  • Біріншіден, азаматтың атында тіркелген жылжымалы немесе жылжымайтын мүліктің болуы.
  • Екіншіден, берешек көлемінің заңда белгіленген шекті мөлшерден асуы.
  • Үшіншіден, қарыз бойынша мерзімі өткен төлемнің үздіксіз кезеңі 12 айға жетпеуі.

Бұдан бөлек, өтініш берушілер кредиторлар мен міндеттемелер туралы толық емес немесе ескірген мәлімет ұсынуы мүмкін. Кейбірі ортақ меншіктегі мүлікті, көлік құралдарын және басқа да активтерді есепке алмайды. Ал тұрақты табысы бар азаматтардың бір бөлігі төлем қабілеттілігін қалпына келтіру мүмкіндігін қарастырмай, бірден банкроттыққа өтініш береді.

суды
Фото: pexels

Сот өкілдерінің айтуынша, азаматтардың жиі жаңылысатын тұстарының бірі – өз жағдайына сәйкес келмейтін рәсімді таңдау. Өйткені соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтірудің талаптары мен құқықтық салдары әртүрлі.

Мәселен, соттан тыс банкроттық рәсімінде азаматтың қаржылық жағдайы бірнеше мемлекеттік және мамандандырылған ақпараттық жүйе арқылы автоматты түрде тексеріледі. Олардың қатарында Бірінші кредиттік бюро, Мемлекеттік кредиттік бюро, жылжымайтын мүлік тіркелімі, Ішкі істер министрлігінің көлік құралдары жөніндегі дерекқоры, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік қорғау саласындағы ақпараттық жүйелер бар. Бұл ретте азаматтарға қағаз түріндегі анықтамаларды жинаудың қажеті жоқ. Мәліметтер ақпараттық жүйелер арқылы салыстырылып, өтініштің заң талаптарына сәйкестігі анықталады.

Сот тәжірибесінде шағымдар көбейген

Өңірдегі сот статистикасы банкроттыққа қатысты даулардың апелляциялық сатыға да жиі жететінін көрсетіп отыр. 2026 жылдың алғашқы он айында сот арқылы банкроттық істер бойынша 21 апелляциялық шағым қаралған. Оның бесеуі бойынша бірінші сатыдағы сот актілері күшін жойған. Ал 16 іс бойынша шешім өзгеріссіз қалдырылған. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру істері бойынша апелляциялық тәртіппен 67 іс қаралып, оның жетеуінде сот актілері жойылған. Қалған 60 іс бойынша шешімдер өзгеріссіз қалдырылған.

Сот өкілдерінің мәліметінше, өтініш заң талаптарына сәйкес келген жағдайда сот оны алған күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей іс қозғау туралы ұйғарым шығарады. Уәкілетті орган екі жұмыс күні ішінде қаржы басқарушысын тағайындайды. Ал сот арқылы банкроттық рәсімінің негізгі мерзімі сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап алты айдан аспайды. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда бұл мерзім тағы алты айға дейін ұзартылуы мүмкін.

банкрот
Коллаж: Kazinform

Банкроттық жүйенің тиімділігін бағалау үшін не жетіспейді?

Павлодар облысындағы көрсеткіштер банкроттық рәсімнің қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар үшін сұранысқа ие құралға айналғанын көрсетеді. Ал төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне өтініштердің күрт өсуі тұрғындардың қарыздан бірден босатылудан гөрі, оны кезең-кезеңімен өтеу жолын да қарастыра бастағанын аңғартса керек.

Дейтұрғанмен бұл жүйенің нақты тиімділігін бағалауға кедергі келтіретін бірқатар мәселе бар. Мысалы, Мемлекеттік кірістер департаменті өтініштерді қабылдау және қарау нәтижелерін жылдар бойынша бөлмейтіні байқалады. Банкрот деп танылған азаматтардың жасы, жынысы, кредиторлардың түрлері мен бір адамға шаққандағы орташа берешек мөлшері туралы да деректер жоқ.

Тағы бір мәселе – банкроттық рәсімінен кейін азаматтардың қаржылық жағдайы қалай өзгеретіні туралы ұзақмерзімді талдаудың болмауы. Қарызы есептен шығарылған адамдардың қаншасы тұрақты табысқа қол жеткізді, қаржылық сауаттылығын арттырды немесе қайтадан берешекке батты деген сұрақтарға ресми статистикада жауап жоқ.

Мемлекеттік кірістер департаменті банкроттық институты азаматтардың борыштық жүктемесін азайтып, оларды қалыпты экономикалық белсенділікке қайтаруға ықпал еткенін атап өтті. Алайда бұл тұжырымды бағалау үшін қарыздан босатылған адамдардың кейінгі қаржылық жағдайын да зерделеу маңызды.

Бұған дейін СҚО-да банкроттыққа жүгінгендердің қаншасы қарызынан құтылғаны туралы жазғанбыз.