Павлодарда барлық бағыттағы автожолдар ашылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өткен түнде облыстағы автожолдарда шектеу жасалғанына байланысты 354 көлік жолдарда жиналып қалған. Жылыту пункттеріне 112 адам жеткізілді.

Өңірлік төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, бүгін сағат 11.30-да барлық бағыттағы автожолдар ашылды.

«Бір түнде облыс аумағындағы жолдарда жалпы саны 354 техника жиналып қалды. Оның ішінде 232 жүк көлігі, 116 жеңіл автомобиль, 6 автобус бар. Жолда тұрып қалған адамдар саны – 642, оның ішінде 8 бала бар» деп мәлімдеді департаменттен.
«Vita» еріктілер жасағының мүшелері Екібастұз қаласының төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп, «Астана-Павлодар» тас жолында жүргізушілерге ыстық шай мен жеңіл пісірілген тамақ үлестірді.

Бұған қоса ТЖД күштері қар құрсауында қалған «Газель» автокөлігіндегі адамдарды аман-есен эвакуациялаған.