Павлодарда бензин мен дизельді заңсыз сатқан кәсіпкер 6 жылға сотталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысында мұнай өнімдерін шығу заңдылығын растайтын құжатсыз тасымалдау және сату фактісін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Тергеу барысында 15 көтерме жеткізушіден 610 миллион теңгеден астам сомаға 3,5 мың тонна АИ-92 маркалы бензин сатып алу фактісі әшкере болды.
Ол кейіннен белгісіз тұлғаларға «Унгефуг» ЖШС-нан құжатсыз сатылған.
Дәл осы ЖШС жалпы сомасы 550 миллион теңгеден астам жалпы көлемі 2,4 мың тонна дизель отынын құжатсыз сатқан.
Сот Шұғатаев Ж.С. 6 жылға, Унгефуг С.Г. 4 жыл 6 айға, Шамиев Е.Х. 2 жыл 8 айға бас бостандығынан айыруға, 3 көлік пен 3 жартылай жүк тіркемелерін тәркілеуге үкім шығарды.
«Жанар-жағармай материалдарын республикадан тыс жерлерге заңсыз сату немесе әкету фактілері туралы хабардар болсаңыз немесе уәкілетті органдар мен ұйымдардың қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактілеріне тап болсаңыз, ҚМА немесе аумақтық департаменттерге тәулік бойы қызмет көрсететін сенім телефондарына хабарлауыңызды сұраймыз» деп ескертеді агенттік.