Павлодарда бес бірдей құрылыс компаниясы күмәнді схеманың құрбаны болды

мемлекеттік сатып алу
Фото: Мұхтор Холдорбеков/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарлық құрылыс компаниялары алаяқ фирманың қитұрқы әрекетінен миллиондаған шығынға ұшырап отыр. Аралық мердігерден құрылыс және жөндеу жобаларын қабылдап алған жергілікті кәсіпорындар атқарған жұмыстары үшін тиесілі төлемдерін ала алмай, сан соғып қалды. Мәселеге қазір прокуратура органдары араласып жатыр.

Мәселе былай, заңды мекенжайы Шымкент қаласында орналасқан «ГрадСтройСервис» ЖШС мемлекеттік сатып алулар порталы арқылы Павлодар облысы бойынша 9 жобаны ұтып алған. Үлгілік шарттар Жетекші мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу, Ақсудағы Сарышығанақ мектебінің ғимаратын күрделі жөндеу және ауласын абаттандыру, облыстық мамандандырылған балалар үйінің қасбетін күрделі жөндеу және ауласын абаттандыру, ақпараттық технологиялар колледжінің ауласын жөндеу, Ертіс аулында спорт құрылыстарын салу және дене шынықтыру-сауықтыру кешенін абаттандыру, сондай-ақ Ақсудағы тұрғын үйлер аулаларын абаттандыру бойынша жасалған. Шарт тармақтарында орындаушы тапсырыс берушінің келісімінсіз өзінің міндеттемелерін толықтай немесе ішінара өзге субъектіге бере алмайтыны туралы тайға таңба басқандай етіп жазылған. Алайда «ГрадСтройСервис» ЖШС өзі ұтып алған жобаларды атқару міндетін бір деммен аралық мердігер «ADS-N group» ЖШС-не аудара салған. Ал соңғы аталған фирманың құрылыс саласындағы тәжірибесі атымен жоқ көрінеді.

- «ADS-N group» ЖШС аралық мердігер ретінде павлодарлық бес компаниямен, атап айтқанда, «Santeh Expert PV», «Күн Жарық», «СК ГенСтройПлан», «Асфальтобетон-ПВ», «ИНТЕРЛАЙТ Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен жұмысты атқару туралы келісімге келеді. «ADS-N group» ЖШС де оңтүстік өңірден, 2022 жылы Түркістан облысындағы Жетісай қаласында тіркелген. Кәсіпорын штатының есебінде бір ғана адам – директор ғана есепте тұр. Ал «ГрадСтройСервис» ЖШС-інде өз міндеттемелерін өзгеге беру туралы тапсырыс берушімен жасаған жазбаша келісімі жоқ. Негізгі шарттарда жобадағы жұмысты бірлесіп орындайтын мердігерлер тартылған жағдайда тапсырыс берушіге барлық аралық мердігермен жасалған келісімдердің көшірмесін ұсынатыны көрсетілген. Бұған қоса аралық мердігерде (яғни «ADS-N group» ЖШС) орындалатын жұмыс көлемдерін өзге аралық мердігерге беру құқығы заң жүзінде болмаған. Ғимараттар мемлекеттік сатып алулардың мәні болғандықтан, оған ережелерде тыйым салынған, - деп түсіндірді зардап шегуші бес компанияның құқығын қорғаушы адвокат Алмагүл Бахралинова.

«ADS-N group» компаниясы осындай талаптарға қарамастан павлодарлық бес аралық мердігермен өз бетінше келісімге келген. Ал жергілікті кәсіпорындар жұмыстарды межелі мерзімде толық орындап шыққан. Алайда «ADS-N group» ЖШС жұмыстардың орындалғаны туралы актіге әлі күнге қол қоймай, төлем жасаудан қашып отыр. Аралық мердігерлер оны сотқа беріпті. Өкінішке қарай, шарттар бойынша берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі орындалар емес. Жобаларға тапсырыс беруші мекемелер орындалған жұмыстар үшін төлемді толық түрде «ГрадСтройСервис» ЖШС-нің есепшоттарына аударып жібергенімен, одан павлодарлық құрылысшыларға соқыр тиын да бұйырмай отыр. Себебі аралық фирма «ADS-N group» жабылып қалған.

- Біз «ГрадСтройСервис» ЖШС-не шағымданып бардық. Ондағылар тиесілі соманы «ADS-N group» компаниясына төлегенін және барлық өндіріп алу туралы шағымдарды соларға жіберу керектігін жеткізді. Мәселені байыптай келе, «ADS-N group» ЖШС Әділет министрлігінің борышкерлер реестрінде тұрғанын және ол субъекті ретінде жұмысын тоқтатқанын анықтадық. Ал оның иелігінде өндіріп алуға жататын мүлік атымен жоқ. Біздің ойымызша, «ГрадСтройСервис» ЖШС бұл күмәнді алаяқтық схеманы алдын ала ойластырған. Ол қаржылық пайда табу үшін «ADS-N group» сияқты бір күндік жалған фирманы әдейі құрған деген пікірдеміз. Осылайша, аралық мердігерлерге тиесілі төлемдерді беруден заңсыз түрде жалтарып отырғаны анық, - дейді адвокат.

Алмагүл Бахралинованың айтуынша, «ГрадСтройСервис» мемлекеттік сатып алулар порталында әлі де шарттар жасасып, әлгіндей күмәнді схемаларды қолданып жатыр. Фирма ұтып алған тендерлерін күмәнді әрі салада мүлде тәжірибесі жоқ компанияларға ұстата салады екен. Әрі қарай ол жоғарыдағыдай сценариймен жалғасын тауып, салдарынан жұмысын адал атқарып отырған аралық мердігерлер сан соғып қалып жатыр.

«Santeh Expert PV», «Күн Жарық», «СК ГенСтройПлан», «Асфальтобетон-ПВ», «ИНТЕРЛАЙТ Павлодар» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері қазіргі уақытта өте үлкен сомадағы шығындарға батып отыр. Олар әлгі жобаларды өз қаражаттарына атқарып шықты. Енді төленуге тиіс қаражат есебінен қызметкерлердің еңбекақысы, материалдарға, техникаларға және өзге де бағыттарға жұмсалған шығындар жабылуы керек еді. Мәселеге жауапты органдар, әсіресе прокуратура кеңінен араласып, «ГрадСтройСервис» мен «ADS-N group» компанияларын жауапкершілікке тартуды сұраймыз. Адал кәсіпкерлердің құқығы аяққа тапталып отыр. Олардың тиесілі төлемдері қайтарылуы керек», - дейді А.Бахралинова.

Павлодар облысы прокурорының көмекшісі Асхат Атикеев бұл мәселеге ең әуелі ішкі мемлекеттік аудит департаменті тартылатынын мәлімдеді. Егер мекеме құрылыс компанияларына шығынның шынымен келтірілгенін анықтаса, онда тексеру материалдарының қорытындысы қадағалаушы органға тапсырылып, қылмыстық іс қозғалады. Қазіргі уақытта бұл түйткілге өңірлік кәсіпкерлер палатасы да араласып, мүдделі органдардың өзара байланысын үйлестіруге кірісті.

Еске сала кетейік, павлодарлықтардың 223 млн теңгеден астам қаржысын алдап алған күдікті Ресейде ұсталды.

Соңғы жаңалықтар
telegram