Павлодарда биыл 570 мың шаршы метр баспана тұрғызылады

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Құрылыстардың шамамен 21 пайызы бюджет қаражатына салынып жатыр. Өзгесі жеке құрылыс компаниялары мен жеке тұрғын үй құрылыстарына тиесілі.

Павлодарда биыл 570 мың шаршы метр баспана тұрғызылады
Фото: Валерий Бугаев

Былтыр халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтерлер сатып алуға қазынадан алғаш рет қаражат бөлінді. Нәтижесінде тұрғындарға 808 пәтер сатып берілді. Облыс билігі бұл тәжірибені биыл да жалғастырмақ ниетте. Әзірше 217 пәтерді сатып алуға жететін қаражат қарастырылған, жыл соңына дейін бұл көлем еселене түседі деп отыр шенеуніктер.

Жалпы жыл соңына дейін 570 мың шаршы метр баспана пайдалануға беріледі деген жоспар тұр. Олардың 120 мың шаршы метрі — бюджет есебінен.

— Бүгінгі таңда облыста 1765 пәтерлік, жалпы ауданы 118,9 мың шаршы метрді құрайтын 11 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Оның ішінде Павлодар қаласы бойынша — 7 үй, Екібастұз қаласында — 3 үй және Ақсу қаласында — 1 үй. Соңғы жылдары мемлекеттік бағдарлама және жеке инвестиция аясында көп пәтерлі тұрғын үй кешендерінің құрылысы қарқын алып, жаңа ықшам аудандар бой көтеріп келеді. Мәселен, 2023 жылы 3500-ден астам пәтері бар 42 көпқабатты тұрғын үйден тұратын «Сарыарқа» шағын ауданының құрылысы аяқталды. Аталған ауданның құрылысы аяқталғанда жалпы саны 6 мыңнан астам пәтерден тұратын 49 үй бой көтереді, — дейді Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Әжмұрат.

Еске сала кетейік, Отбасы банк жұмысшыларды баспанамен қамтудың үш жолын ұсынды.

Соңғы жаңалықтар