Павлодарда биыл екінші мәрте үшем дүниеге келді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Нәрестелерге Елнара, Елнияр және Елдияр деген есімдер берілді. Қазіргі уақытта анасы мен сәбилердің денсаулығы жақсы, жағдайлары тұрақты.
Павлодар ауданына қарасты Кемеңгер ауылында тұратын көпбалалы отбасы Ермек пен Елдана Түсіпбековтердің шаңырағында үшем өмірге келді. Осылайша, отбасында балалар саны жетіге жетіп, анасы «Алтын алқа» иегері атанбақшы.
- Сәбилер өмірге келгенге дейін Ермек пен Елдана төрт бала – үш ұл мен бір қыз тәрбиелеп отырған. Жұбайлар кезекті жүктілік табиғи жолмен болғанын және тағы бір қыз баланы жоспарлағанын айтады. Қуаныштарына орай, отбасы бірден бір қыз пен екі ұлмен толықты, - деп хабарлады өңірлік денсаулық сақтау басқармасынан.
Бұл шаңырақтың өзіндік ерекше дәстүрі де бар: барлық балалардың есімдері «Е» әрпінен басталады. Жаңа туған сәбилерге де дәстүр бойынша Елнара, Елнияр және Елдияр деген есімдер берілген.
Айта кету керек, бұл – Павлодар облысында жыл басынан бері дүниеге келген екінші үшем. Биылғы 23 шілдеде өңірде алғашқы үшем туған болатын.
Бұл аймақта туу көрсеткішінің артып келе жатқанын айғақтайды.