Павлодарда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 876, 3 млн теңге бөлінді
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалында облыстық мәслихаты депутаттарының «Бизнестің жол картасы-2020» және Жолдауды түсіндіру жөніндегі ауылдық округтар кәсіпкерлерімен дөңгелек үстелі өтті.
Павлодар қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысы Руслан Тілеулесовтің берген ақпаратына қарағанда, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру кезінде 2010-2016 жылдар аралығында 666,6 млрд. теңге сомасына 648 жоба мақұлданып, 2000 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ, 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 876, 3 млн теңге бөлінген, деп xабарлайды pavlodarnew.kz .
- Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудағы бизнес-климатты жақсарту жөніндегі жұмыс жалғасуда. Сонымен бірге, жаңа инвестициялық жобаларды іздестіру жөніндегі жұмыс тұрақты түрде жүргізілуде, - деді ол.
Одан бөлек, отырыс барысында «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру, аталмыш бағыттар бойынша қаражатты уақтылы және тиімді игеру мәселелері қарастырылды. Партияның Павлодар қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нәйлә Ахметова филиалдың аталған мемлекеттік бағдарламаларға мониторинг жасау және бақылау жөніндегі жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, партиялық мониторинг және бақылау жөніндегі топтар 23 нысанды тексерген. Бұл нысандарда жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде.
- Есептік кезең ішінде «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша «Сарыарқа» мөлтекауданында №4, 5, 8, 13, 13А, 14 жаңа көпқабатты үйлерге партиялық топтардың 8 іссапары, депутаттық фракцияның 2 отырысы, партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлайс жемқорлыққа қарсы әрекет қоғамдық кеңесінің отырысы өткізілді. Аталған нысандардағы жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда, - деді Н. Ахметова.