Павлодарда білім беру ұйымдарындағы тексерістен соң 10 млн теңге үнемделді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыстың білім беру ұйымдарындағы азық-түлік бағаларына жүргізілген тексеріс нәтижесінде мемлекеттік сатып алудағы артық шығынның жолы кесілген. Нәтижесінде бюджеттің 10 млн теңгесі үнемделді.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жоламан Қиналбековтың айтуынша, мекеме мамандары мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерді жүйелі түрде талдап, бағаларды нарықтық көрсеткіштермен салыстырады. Егер сатып алу құны шектен тыс жоғары болса, бұл туралы облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарлама жолданады.
— Талдау барысында бағаның негізсіз өсуі қырыққабат, картоп, пияз, сәбіз, бірінші сорттағы ұн және жұмыртқа секілді әлеуметтік маңызы бар өнімдер бойынша тіркелді. Мәселен, кейбір жағдайларда қарақұмық бағасы 191 пайызға, бірінші сортты ұн 238 пайызға, картоп 78 пайызға, ал сәбіз 30 пайызға қымбат көрсетілген. Бірақ сатып алу үдерісі аяқталмай тұрып анықталғандықтан, тек алдын алу шаралары қабылданды, — дейді ол.
Осылайша, артық шығындарға жол берілмей, бюджеттің 10 млн теңгесі үнемделген.
Өңірде осыдан үш жыл бұрын құрылған облыстық комиссия әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларының тұрақтылығын тұрақты түрде бақылап келеді. Оның құрамына әкімдік, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік және білім басқармалары мен экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары кіреді.
Биыл комиссия мен департаменттің бірлескен жұмысы нәтижесінде 16 артық делдал анықталып, олардың қызметі тоқтатылған. Бұл өз кезегінде өңірде азық-түлік бағасының өсуін тежеген.
Бұған дейін Қазақстанда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қандай жұмыстар қолға алынғаны туралы жазғанбыз.