Павлодарда церебралды сал балаларды қолдау үшін қайырымдылық жәрмеңкесі өтеді
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен жергілікті қолөнершілер церебралды сал диагнозы бар балаларға арналған қайырымдылық жәрмеңкесін өткізеді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Павлодар ЖОО студенттері мен қолөнершілерінің қатысуымен өтетін ауқымды жәрмеңке 14 ақпанда оқу орнының бас корпусының фойесінде өтеді. Студенттер мен шеберлер өздері дайындаған тәттілерін сатады: құймақ, тәтті нан, печенье, сондай-ақ қолдан жасалған бұйымдар.
Акцияны студенттер әлеуметтік кәсіпкерлікке салым деп атады, себебі олар тапқан қаражатын церебралды сал диагнозымен балалар сауықтырудан өтетін «Самал» орталығына аударады.
Атап өтсек, «Самал» орталығынан да балалардың жұмыстары жәрмеңкеге ұсынылады. Бұл қоғамдық мүгедектер бірлестігінде кәмелеттік жасқа толған тәрбиеленушілерге арналған оқу-өндірістік кешен жұмыс істейді. Онда сал балалар станокта бұйымдар жасайды. Оларды өмірге қажетті дағдыларға үйрету жұмысы «Еңсеру» әлеуметтік жобасын іске асыру аясында жүзеге асуда.
Қайырымдылық жәрмеңкені ұйымдастыру жұмысын өзінің үшжылдығы құрметіне «Энактус» ПМУ студенттік тобы алды.