Павлодарда дауылпаз ақын Исаның домбырасы табылды

домбыра
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ақын Иса Байзақов ұстаған көне домбыра табылды. Аспап ұзақ жылдар бойы тұлғаның туған жерінде сақталып келген. 1942 жылы өнер иесі Ертіс-Баян өңіріне келгенде бұл домбыраны досы Мүпти Ахметовке сыйлапты.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ақын, әнші-композитор Иса Байзақов ұстаған көне домбыраның тұсауын кесті. 

домбыра
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Исаны көзі көргендер дауылпаз, арқасы қозғанда жан баласына бой бермей кететін сұрапыл ақын еді деп еске алысатын ертеректе. Өкінішке қарай, бүгінде әйгілі жерлесімізді көзімен көргендер арамызда өте сирек. Ал оның елге мұра болып қалған аз-маз жәдігерлері музейлерде топтастырылып, ұрпаққа насихатталу үстінде. Келер жылы Иса Байзақовтың туғанына 125 жыл толады. Мерейтойға орай қызметкерлеріміз зерттеу-іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Мынау көне аспап – сол іс-шаралардың алғашқы нәтижесі. Наурыз мерекесі қарсаңында тұсауы кесіліп отырғанына қуаныштымыз. Өңіріміз үшін таңғаларлық жаңалық болып отыр. Себебі ақынның туған жеріндегі музейлерде мұндай жәдігер жоқ», - дейді музей басшысы Ербол Қайыров.

Тұтас ағаштан шабылып, мойны дөрекілеу әрі жуандау етіп жасалған аспаптың бет тақтайы кейін ауысқаны байқалады. Бұл домбыраны Иса жерлесі, өнерлі досы Мүпти Ахметовке сыйлап кеткен екен. Ал Ертіс аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлдана Сәрсембенова оны Бұқар жырау музейіне табыс етті. Бұл жайында ақынның аталас туысы, ардагер ұстаз Күләш Әбиева кеңірек әңгімелеп берді. 

домбыра
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

«Иса Байзақов соңғы рет 1942 жылы тамызда Павлодарға келіп, Ертіс, Железин, Ақтоғай, Баянауыл өңірлерін аралайды. Біз Исамен бірнеше атадан қосыламыз. Арғы атамыз Меңдібай осы төңірекке белгілі би болған адам. Өкінішке қарай, ол кісі жайында ел аузында мәліметтер аз. Меңдібайдан Оразбай туады. Оразбайдың төрт ұлы болған екен. Сол төртеудің үлкені Еркебайдан менің атам Қуантай туса, тағы бір ұлы Өтегеннен Исаның әкесі Байзақ дүниеге келген. Әкем колхоз төрағасы болған кісі, Иса соңғы рет өңірге келгенде көлікпен қамтып, сапарының жағдайын ұйымдастырып береді. Ал домбыраны сыйға тартқан Мүпти Ахметов заманында сауықшыл, суырыпсалма ақындығы бар өнер иесі болған. Әкем айтып бергендей, сол жолы Иса Мүптиді және бірнеше өнерлі азаматтарды жанына алып, елді аралауға шығады. Сапар соңында ризашылығы ретінде досына тарту еткен. Негізі Мүпти жас шамасы жағынан ақыннан шамамен он жасқа кіші болса керек. Әйгілі Майраның жолын жалғастырушы, әнші, кино актері Хафиза Әбуғалиева Ертістің тумасы екенін көбі біле бермейтіні анық. Жас шағында Мүпти мен Хафиза бір-біріне ғашық болған жандар. Алайда 1942 жылдың соңына таман Мүпти соғысқа алынады. Ал Х.Әбуғалиева Павлодар педучилищесін тәмамдаған соң Алматыға кетіп қалған. Мүпти ағамыз соғыстан жараланып оралып, бірден Хафизаны іздеуге кіріскен ғой. Алайда тағдыр екеуінің қосылуын жазбапты. Алматыға барып, Иса арқылы сүйіктісін іздеп тапқанда ол өзге жігітпен отасып қойған екен. Содан біраз уақыт алмалы шаһарда аялдап, Шара Жиенқұловамен туысатын бір қызбен танысқан. Сол қызбен тұрмыс құрып, елге алып қайтады. Екеуі ғұмырының соңына дейін Ертіс ауданында тұрды. Бүгінде олардан қалған ұрпақ болуы керек. Өкініштісі, бұл домбыра кезінде көзден таса қалып, әлдебіреулердің қолында сақталып келген. Ол жайында айтатын көнекөз қариялар да қазір жоқ. Еленбей қалғаны да содан», - деп әңгімеледі ардагер ұстаз.

Күләш Әбиқызы Иса ақынның 90 жылдығында туған жерінде, Үлгілі ауылындағы мектепте тұңғыш рет өнер иесінің музейін ашты. Жәдігерлерді 20 жыл бойы үздіксіз жинаған. Исаның бөркіне таққан үкісін, шоқпары мен самаурынын, шапан-тымағын, ата-бабасы жайлы жазылған шежірелер мен өнер жолынан сыр шертетін фотосуреттерді тірнектеп жиған. Жәдігерлердің көбін Исаның ұл-қызы Ертіс пен Мәкеннен алдым дейді. Жасы 80-ге қараған Күләш апай ұзақ жыл Үлгілідегі мектепте ұстаздық еткен.

Негізгі мамандығы – математика пәні мұғалімі. Ұстаздық қызметі үшін Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атаныпты. Айтуынша, туған жеріндегі музейде біраз заттар қолды болып кеткен. Ертіс ауданындағы мәдениет үйінің музей қорында ақынның сандығы мен Құраны сақталып тұр. Жалпы ел ішінде арқалы ақынның өзге де дүниелері бар болуы мүмкін деген пікірін жеткізді.

домбыра
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform
Соңғы жаңалықтар