Павлодарда дәулескер күйшінің құрметіне республикалық домбырашылар конкурсы басталды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодарда Қазақ КСР халық артисі, дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына арналған І республикалық жас домбырашылар конкурсы басталды. Күйшілер бәсекесіне еліміздің 12 өңірінен 32 домбырашы қатысып жатыр.
Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармония басшысының шығармашылық жөніндегі орынбасары Сәуле Мұқаеваның айтуынша, домбырашылар додасында Астана, Алматы, Өскемен, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Павлодар, Көкшетау, Шымкент, Тараз, Қарағанды қалалары мен бірге Абай облысынан 32 өнерпаз бақтарын сынауда.
Үш кезеңнен тұратын шығармашылық жарыста Р.Омаровтың репертуарында болған «Ақсақ құлан» (халық күйі), «Қос ішек» (Дәулеткерей), Р. Омаровтың «Жастық шақ», С. Шабельский мен Л. Шайгородскийдің «Тойбастар» күйлерінің орындалуы міндетті. Сондай-ақ қатысушылар өз таңдауы бойынша бірнеше күй орындайды.
Рүстембек Омаров Павлодар облысы, Аққулы ауданында дүниеге келген. Есімі аңызға айналған өнер тарланы небәрі 15 жасында жаңадан құрылған қазақ ұлт аспаптар оркестріне домбырашы ретінде қабылданған. Домбырашының орындау мәнерін Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстембек күйді «шегелеп», шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды»,-деп жазып қалдырған.
Қазылар алқасының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген артисі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Тұрар Әліпбаев виртуоз домбырашы, Құрманғазы оркестрінің солисі және концертмейстері болған Рүстембек Омаровтың өміріне қатысты кейбір деректермен бөлісті.
- Бозбала Рүстембекті жүздеген домбырашының қатарынан таңдап алған Ахаң оның өнерін ерекше құрметтеген. Құрманғазы оркестріне өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл оркестрде көптеген домбыра жүйріктері болғанымен, Р.Омаровтың есімі айрықша аталған. Оны Ахмет Жұбанов қуғындалудан аман алып қалғаны туралы деректер де бар. Дәулескер күйші Сейтеннің күйін Сейтенше, Құрманғазының күйін Құрманғазыша, Тәттімбеттікін Тәттімбетше бабына келтіріп тартқан екен. Ерекшелігі, күйді қандай екпінмен бастаса, соңын дәл сондай екпінде аяқтап отырған. Мұндай екпінге бүгінде кейбір кәсіби күйшілердің өзі шыдас бермейді. Көптеген күйлердің түпнұсқасы біздің заманымызға Рүстембек сияқты нағыз майталман домбырашылардың орындауында жетіп отыр,-дейді ол.
Күйшілер байқауы 15 қарашаға дейін жалғасады. Конкурстың ұйымдастырушылары - Павлодар қаласының әкімдігі, Естай атындағы мәдениет сарайы, Иса Байзақов атындағы облыстық филармониясы, Павлодар қаласындағы «Музыкалық колледж – дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернат кешені».
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодарда дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың домбырасы сақталып тұрғаны туралы жазған едік.