Павлодарда депутатпен кездесуде ішкі су тасымалы саласындағы проблемалар көтерілді

 Асхат Рахымжанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Асхат Рахымжанов Павлодар облысына жұмыс сапары барысында облыстың өрт сөндіру бөлімшелері мен жедел-құтқару жасағына барды.

Мәжілісмен Павлодар облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы азаматтық қорғау полковнигі Қайрат Шаймарденов жыл басынан бері департамент бөлімшелері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстар бойынша 1,6 мыңнан астам сапар жүргізгенін баяндады. Нәтижесінде 101 адам құтқарылып, 173 адам эвакуацияланған. Төрт зардап шеккен азаматқа дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсетілді.

– Биыл «Ертіс орманы» мемлекеттік табиғи орман резерваты ормандардағы өрттерді ерте анықтау және алдын алу үшін цифрлық жүйені орнатты. Орман өрттерін ерте анықтау жүйесіне арналған 23 мұнара қондырылды, бірақ бұл құтқару қызметін күшейтуге жеткіліксіз, – деді Қайрат Шаймарденов.

Депутатпен кездесуде өрт сөндірушілер мен құтқарушылар шешімін талап ететін бірқатар түйткілді мәселені айтты. Оның ішінде барлық бөлімшеде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге, облыстық басқармаға қажетті қосымша қондырғыларды салуға қаражаттың жоқтығы. Қосымша техникалық құрал-жабдықтар да қажет. Бұл ретте мемлекеттік сатып алу жүйесі қолданыстағы техниканың өзіне уақытында қызмет көрсетуге мүмкіндік бермейді.

Тағы бір мәселе – әлеуметтік қауіпсіздік. Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі және басқа құрылымдардың әскери қызметшілеріне қарағанда өрт сөндірушілерге тұрғын үй төлемдері, шипажайлық-курорттық емделу, балабақшалар мен мектептерде жеңілдіктер қарастырылмаған.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт сөндіру көлігі жүргізушілерін қабылдау тәртібі күрделенген. Өйткені олар Ішкі істер министрлігінің стандарттары бойынша Полиция департаментінің емханасында әскери-дәрігерлік комиссиялардан өтеді.

Оқиға орнына жедел жетуге кедергі келтіретін жол жабынының сапасыздығы, далалық аймақта байланыстың жоқтығы да жұмысты тежеп отыр. Құтқарушылардың айтуынша, олар тәжірибеден өткен спутниктік байланысты пайдалану әрқашан жеңіл әрі ыңғайлы бола бермейді.

Асхат Рахымжанов құтқарушылардың тиімді жұмысының маңыздылығына назар аударып, қауіп-қатерге тап болған қазақстандықтардың өмірі олардың қызметіне тікелей байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ көтерілген мәселелерді өз бақылауына алатынын айтты.

Соңғы жаңалықтар
telegram