Павлодарда депутаттардың 30 пайызға жуығы әйелдер

АСТАНА. ҚазАқпарат - Достық үйінде «Әлеуметтік саясаттағы және жергілікті өзін-өзі басқару мәселелеріндегі кешенді гендерлік тәсілдің қағидалары» атты семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Павлодарда депутаттардың 30 пайызға жуығы әйелдер

Шараға ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко және Павлодар облысы әкімінің орынбасары, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасы Мейрам Бегентаев қатысты.

ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Елена Тарасенко семинардың мақсаты гендерлік теңдікті сақтауға, шешім шығаруда әйелдердің де араласуын арттыруға және басқару орындарында әйелдерді белсенді етуге бағытталғанын атап өтті.

«Бұл семинар комиссиямызға жүктелген міндеттердің бірі. Әр өңірде өткізіп келеміз. Павлодарда өте белсенді әйелдер бар екенін білеміз. Өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардағы әйелдер де жақсы жұмыс жасайды. Ауыл әкімдерінің арасында әйелдер көп екенін білдік. Бүгінгі семинарда басқару істері, шешім шығару бойынша жетекшілерге жолығатын сұрақтарға жауап алынатын болады. Оған қоса, қалай өзіңді көшбасшы ретінде көрсету керектігін білу арқылы сайлауға дайындалу, жергілікті басқару, заңдағы қазіргі өзгерістер, күшін жойған шешімдер жөнінде тренингтер өтеді, - деді Елена Тарасенко.

Елена Тарасенко елімізде депутаттар корпусында әйелдердің үлесі 30 пайыз болса, өңірлер бойынша Қостанайда бұл көрсеткіш 31,6 пайыз екенін атап өтті.

Ал, Павлодар облысында әйел депуттаттардың саны 29,6 пайызды құрайды.