Павлодарда дер уақытында диагноз қоя алмаған дәрігерлер жазаланды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық әйелге инсульт диагнозын дер кезінде қоя алмаған медицина қызметкерлері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Павлодарда дер уақытында диагноз қоя алмаған дәрігерлер жазаланды

«Аталған оқиға бойынша бас дәрігерлер мен орынбасарларға шара қолданылды. Науқас алдымен бір ауруханаға  барған. Ол жердегі дәрігер жас, біліктілігі төмен болғандықтан ауырып тұрған адамды  жібере салған. Екінші мәрте инсульт орталығына жатқызылғанда, пациентке толық көлемде көмек көрсетілді. Бірақ біз кешігіп қалдық.  Әрине, бізде түзетуді талап ететін кемшіліктер бар», -деді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ораз Мұқашев.

О.Мұқашевтің айтуынша, Дубовских қаралған облыстық аурухана мұндай жағдайлар қайталанбас үшін тәжірибесі мол мамандармен күшейтілген. Енді олар демалыс күндері, әсіресе мейрамдарда кезекшілік атқарады.

Еске сала кетейік, Ирина Дубовских бас ауруы, жүректің айнуы және өзге де симптомдарға шағымданып, дәрігерлерге бірнеше мәрте келген. Оның жағдайы күн санап нашарлаған. Басының қатты ауырып тұрғанын айтып, кезекті рет келгенде дәрігерлер оны қорқатын ештеңе жоқ деп жұбатқан. Кейін денсаулығы тіпті нашарлай түскен әйел ауруханаға жатқызылып, оған инсульт диагнозы қойылған. 5 қаңтар күні ота жасалып, 8 қаңтар күні ол көз жұмды. И.Дубовскихтың балалары облыстық аурухананы сотқа берді.