Павлодарда дизельді жоғары бағамен сатқан компаниялар жауапкершілікке тартылды

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Павлодар қаласының аумағында дизель отынын жоғары бағамен сатқан компаниялар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Табиғи монополияларды реттеу комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінен келіп түскен материалдардың негізінде, Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Алиев В.Г.» ЖК, «Александров И.М.» ЖК және «Проектно-строительная компания «ГРАНД» ЖШС-і Павлодар қаласының аумағында дизель отынын жоғары бағамен сатқанын анықтады.

Олар «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» ҚР Заңының 14-бабының 3-тармағын бұзған. Мемлекеттік реттеу бағалары белгіленген мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің шекті бағасынан асып кетті.

ТМРКД құқық бұзушыларға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 171-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс жүргізуді қозғады. Осы баптың санкциясы шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді, бұл – 306 300 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК мөлшерінде, бұл – 612 600 теңге», - делінген ресми хабарламада.

Іс бойынша материалдар Павлодар қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының қарауына жолданды.

«Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтата тұрып не одан айыра отырып, Әкімшілік құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған кірістің (түсімнің) жүз пайызы мөлшерінде айыппұл көзделгенін ескерген жөн.

Осының салдарынан мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері мұнай өнімдерін өткізу саласындағы заңнаманың талаптарын қатаң сақтауы және белгіленген шекті бағалардан жоғары сатуға жол бермеуі тиіс.

Тұтынушылар, өз кезегінде, жанар-жағар май бағасының өсу фактілері анықталған жағдайда, растайтын материалдарды қосып, Департаментке тиісті өтінішпен жүгінуі керек», - деп толықтырады ведомствоның баспасөз қызметі.

Соңғы жаңалықтар