Павлодарда егіс жинау науқанына 21 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлінді
Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өсімдік және механизация бөлімінің бас маманы Жазира Сүлейменова мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz
«Кәсіпкерлерге шілде айында 7 мың, тамыз айында 8 мың, ал қыркүйек айында 6 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай берілуі тиіс болған», - дейді Жазира Сүлейменова. - Алғашқы екі айдың жоспары толығымен орындалды. Қазір қыркүйек айына бөлінген дизель отыны шаруашылықтарға берілуде. Облыс бойынша жеңілдетілген жанар жағармайды ең көп сұраған Ертіс ауданы. Мұнда егін жинау жұмыстарына 4 мың тонна жіберілді. Сонымен қатар, Качир, Шарбақты және Успен аудандары әрқайсысы екі-үш мың тоннадан алды. Басқарма маманының сөзінше, облыстағы ауыл шаруашылығы құрылымдарына малдың қысқы жем азығын дайындау үшін 2,5 мың тонна жанармай бағытталған.
Еске сала кетерлігі, биыл облысқа көктемгі егіс науқаны үшін 16 мың тонна дизель отыны бөлінген болатын. Оның 4 мың тоннасы наурыз, 6 мың тоннасы сәуір, 6 мың тоннасы мамыр айында беріледі. Шаруаларға арзандатылған жанар-жағармайды «ПромСервис PV» ЖШС сатып жатыр. Операторлық қызметтерді есепке алғанда 1 тоннасы 133274 теңге немесе бір литрі 112 теңгені құрайды. Нарықта 135 теңгеден босатылуда.