Павлодарда екі баланың анасы жоғалып кетті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодарда екі баланың анасы Татьяна Лопухова іздестірілуде.
Оның әпкесі Оксана Лопухованың айтуынша, 3 маусым күні өзі жұмыс істейтін «Квазар» сауда үйінің «ZETA» дүкенінен сағат 11-де темекі шегуге шығып, қайтып оралмаған, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .
Бүгінгі таңда іздестіру шараларына еріктілер кіріскен. - Әзірге ешқандай жаңалық жоқ, - дейді әпкесі. - Соңғы рет оны жексенбі күні Ленинградская көшесінде бір қыз көріп, оның Московская көшесін сұрағаны туралы хабарлаған. Бейнебақылаудағы жазбаға қарағанда Татьяна сияқты. Дегенмен бұл аумақтарда біздің туыстарымыз бен жолдастарымыздың ешқайсысы тұрмайды. Бүгін күйеуі полицияға барып, өтініш жазады. Мен Екібастұз қаласына қарасты Шідерті ауылында тұрамын. Сіңлімді сирек көремін, дегенмен телефонмен жиі сөйлесіп тұратынбыз. Оксана Лопухованың сөзінше, Татьяна мен жолдасы биыл қыс мезгілінде табыс табу үшін Ертіс ауданынан Павлодарға келіп, пәтер жалдап тұрған. Қыста жұмыс болмаған соң ол мамыр айында ғана дүкенге орналасқан. 15 және 12 жастағы екі ұлы Абай ауылында әжесінің қолында қалған. - Бұған дейін ешқашан ұзақ уақытқа үйден кетіп қалмайтын, - дейді Оксана. - Екі күн бойы телефонын алмаған соң уайымдай бастадық. Олар пәтер иесімен бірге тұрады. Үй қожайыны хабарласып, оның келмегенін айтты. Татьянаның неге хабарласпай отырғанын білмеймін. Оның жүрегі ауыратын, дегенмен ауруханаға барып есепке тұрмаған.
Айта кетейік, Татьянаның бойы 170 см, дене бітімі толықша келген, көзі сұрғылт-көгілдір, шашы ақ сары, жасы 33-те.