Павлодарда екі бірдей спорт нысаны пайдалануға берілді

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік күніне орай Павлодар облысының спорт қауымдастығы көптен күткен қуанышқа кенелді – «Спорт сити» шағын ауданында жаңа мұз-сырғанау аренасы ашылса, облыс орталығында «Jenimpaz» үстел теннисі орталығы ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Павлодарда екі бірдей спорт нысаны пайдалануға берілді

«Спорт Ситидегі» жаңа мұз аренасының айдынын бірінші болып №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері сынақтан өткізді.

Он бір жасар балалардың ойынын Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов та тамашалап, өңірде бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыс жалғасатынына сендірді.

- Бұл жобаның орындалуын облыстың барлық спорт қоғамдастығы көптен күткен еді, өйткені «Астана» мұз сарайының аренасы жеткіліксіз еді, - деп атап өтті аймақ басшысы. - Енді балалардың көбі спорттық инфрақұрылымға қол жеткізе алады. Жақында біз спортшылар мен жаттықтырушылардың басын қосып, Павлодар спортының республикалық және халықаралық деңгейдегі позициясын күшейту мақсатында бұқаралық спортты дамыту бағдарламасын талқылаймыз деп ойлаймын. Баршаңызды Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!

Спорт нысаны ең заманауи технологиялық жабдықтармен жабдықталған.

Қазақстандық IT-мамандардың жобасының арқасында арена қызметкерлері оны қашықтан басқаруға мүмкіндік алды.

Қысқы спорт түрлерін дамытуға ат салысқан павлодарлықтар жаңа аренаның сапасына баға берді.

- Қысқы спорт түрлерімен айналысатын барлық балалар мен олардың ата-аналарының атынан осындай керемет спорттық ғимарат үшін рахмет айтқым келеді, - деді Наганодағы 1998 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Людмила Прокашева. - Шынында да, біз жаңа мұзайдынды ашуды көптен сұрадық. Павлодарлық «қысқы саябақтардың» мүмкіндіктері кеңейіп келе жатқанына біз өте қуаныштымыз. Бұл біз үшін өте маңызды.

Павлодарлық үстел теннисінің әуесқойлары да Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай сыйлыққа ие болды.

«Баянтау» спорт кешеніне жақын жерде «Jenimpaz» мамандандырылған орталығы ресми түрде ашылды.

Ол 15 үстелге шақталған және қазірдің өзінде №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерін, сондай-ақ жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша пинг-понгпен айналысатын балаларды қабылдай бастады.

- Мемлекеттік бағдарлама бойынша орталықта төрт жаттықтырушы жұмыс істейді, олар 150 баланы оқытады, - деді жаттықтырушы Дәулет Ысқақов. – Бізге заманауи жабдықтар мен спорт құралдары берілді. Мұнда ойнаудың өзі рахат! Егер жұмысты дұрыс желіге қойсақ, «Jenimpaz»-дың өзінде ғана үстел теннисімен 800-ден 1000-ға дейін бала айналыса алады.

Тәуелсіздік күні жаңа спорт алаңында үстел теннисінен Павлодар кубогы өтті. Оған 70 спортшы қатысты.

Суреттерді түсірген Валерий Бугаев