Павлодарда «Елбасы жолы. Астана» фильмінің тұсаукесері өтті
Қала тұрғындарымен бірге фильмді облыс әкімі Болат Бақауов тамашалады. Президенттің елорданы Астанаға көшіру жөніндегі бастамасының жүзеге асырылғаны туралы кинокартинаның көрсетілімі павлодарлықтардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бос орындар болған жоқ.
«Фильм қатты ұнады, Әсіресе, жаңа Астанаға еліміздің мемлекеттік рәміздері әкелінген сәт тебірентті. Оған қоса, Президентіміздің елорданың ресми тұсаукесері кезінде космос кеңістігінде болған ғарышкер Талғат Мұсабаевпен тікелей эфирдегі сұхбаты зор әсер етті»,- дейді қала тұрғыны Әлия Жұматова
С. Торайғыров атындағы ПМУ қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Айман Зейнуллинаның пікірінше, режиссер Елбасының ішкі жан-дүниесі мен Астана туралы күні-түні ой-пайымдарын жақсы бере білген. «Басты рөлді сомдаған актер де өз міндетін жақсы орындап шықты. Астананың салына бастаған кезінде өзім сол жерде аспирантурада оқығанмын. Сондықтан бәрі есімізде. Ризамыз», - дейді Айман Зейнуллина.
Айта кетсек, «Елбасы жолы. Астана» фильмі елорданың Алматыдан Астанаға көшірілуі туралы баяндайды. Бұл тарихи шешім 1994 жылдың шілде айында қабылданған болатын. Фильм режиссері Ақан Сатаев, басты рөлді сомдаған театр және кино актері Мұрат Ақманов.