Павлодарда ең талантты студент анықталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Studenttalents» атты студенттік шығармашылық байқауы мәресіне жетті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жеңімпаз атану үшін Павлодар қаласындағы үш жоғары оқу орнының 16 студенті барын салды. Шығармашыл жастар бірнеше жанр бойынша бақтарын сынады.
Бірі аспапта ойнап, ән айтса, екіншілері өлең оқып, би қабілеттерін ортаға салды. Жастар қойылым арқылы көрермендерді тәнті етті.
Қазылар алқасы байқауға қатысушылардың жоғары кәсіби деңгейін атап өтті.
Байқаудың бас жүлдесін С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті Юрий Рыбалко қанжығасына байлады. Дарынды азамат танымал «Адажио» әнін орындады.
Юрий Рыбалконың орындауынағы әнге «Каприз» би ұжымы ерекше көрік берді. Шығармашылық топ мүшелері де биік белестен көрінді. Ал «Твингл» ұжымының бишілері екінші орынды еншілесе, Ерасыл Кенжехановтың вокалдық номері үшінші орынға ие болды.