Павлодарда «Ертіс Дарыны» сыйлығының лауреаттары марапатталды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда жыл қорытындысы бойынша белсенділігімен ерекшеленген жастар 11 түрлі номинация бойынша марапатталды, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жыл сайынғы сыйлықты тапсыру рәсіміне Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов қатысты.
Салтанатты кездесу жастарды толғандыратын мәселелер талқыланған өңірлік жастар саясаты жөніндегі кеңес барысында өтті. «GreenTal» ағаш цехының басқарушысы Сәкен Рахымсеитов әлеуметтік кәсіпкерлікті жүргізу тәжірибесімен бөлісті. Ол қазіргі таңда кішігірім кәсіпорын Қазақстан бойынша сатылатын экологиялық таза ойыншықтар жасап шығаратынын айтты. Өндірісте ІІ және ІІІ топ мүгедектігі бар павлодарлықтар жұмыс істейді. Шеберхана басшылығы өз өнімдерін Ресейге экспортқа шығаруды және өз тігін цехын ашуды ойластырып отыр.
- 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді, - деді ол. – Өңірлерде қазірдің өзінде әлеуметтік кәсіпкерлерді анықтау бойынша жұмыс басталып жатыр. Павлодар облысы осы бағыт бойынша еліміздің көшбасшыларының бірі болып қалады деп үміттенемін.
Қазақстан студенттері альянсының облыстық филиалының жетекшісі Ажар Аманжолова мектептегі және ЖОО-ғы білім алушылардың өзін-өзі басқаруын дамыту туралы айтты. Ол білім беру ұйымдарында оқушылар мен студенттерді өз құқықтарын пайдалануға және қорғауға үйрететін механизмнің жоқтығын жеткізді.
- Бұл жастардың қоғамдық жұмыстарға қатысуға деген ынтасының төмендігіне әкеледі, - деді спикер. – Орта есеппен алғанда, адам 25 жыл оқиды, бірақ білім беру ұйымын тәмамдаған соң ол көбінесе өмірге мүлдем икемсіз болып шығады. Балалар мен жасөспірімдер және жастар бірлестіктері шеңберінде әр түрлі жастар кеңестері мен комитеттерін ауыстырудың оңтайлы механизмі мектептік және студенттік парламенттер түріндегі біртұтас құрылымдық үлгі бола алады. Сонымен бірге, Қазақстан Студенттер альянсының өкілдері келесі жылы Ертіс ауданында өтетін облыстық дебат турнирін өткізу бастамасын қолдады.
Өңір басшысы турнирді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орайластыруды ұсынды. Сонымен қатар, Әбілқайыр Сқақов жастар әрқашан еліміздегі қозғаушы күші болғанын және болып қала беретінін атап өтіп, Павлодар облысында жастарды қолдауға ерекше көңіл бөлінетінін еске салды.
- Біз жас кәсіпкерлерге міндетті түрде көмектесетін боламыз, - деп атап өтті әкім. – Өңірімізде өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған «Zhas-Halyk» бағдарламасынан алты негізгі бағытта жүзеге асырылатын «Business Ertis» бағдарламасы бастау алғаны бекер емес. Әрине, біздің жастарымыз бұқаралық спортпен шұғылданса екен деймін. Егер жастар белсендірек болып, неғұрлым көбірек спортқа тартылса, бұл жалпы қазақстандықтардың денсаулық индексіне оң әсер етеді. Жастар ресурстық орталықтарының жұмысына келетін болсақ, бүгінде олардың жұмысы айтарлықтай тиімді. Алайда, әр жастың мұқтаждықтарын терең түсіну үшін ресрурстық орталықтар өз жұмысын қайта қараулары қажет. Өйткені жастар өкілдерінің өз алаңдаушылықтары мен проблемалары бар. Ауылдағы жастар, әсіресе егін егу немесе егін жинау науқаны өтпейтін қыс мезгілінде не істейді? Олар спорт секцияларына немесе шығармашылық үйірмелерге қатыса ма? Осы сұрақтарға мұқият назар аудару керек, оларды ұсақ-түйекке баламау керек.
Кеңес отырысының соңында Павлодар облысының әкімі «Ертіс Дарыны» сыйлығының лауреаттарын марапаттады. «Жыл танылымы» номинациясында Екібастұздан келген жас nail-стилист Арулат Мұхаметқали жеңімпаз атанды.
«Ғылым және инновация» номинациясында Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушысы Дінмұхамед Рахымжанов пен «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің биология пәнінің мұғалімі Айдана Қисап бірінші орынға ие болды.
«Медицина» номинациясы бойынша облыстық онкодиспансердің ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Әсел Асқарова және павлодарлық 103 қызметінің фельдшері Сая Ақпарова жеңімпаз атанды. Қазақстандық электролиз зауытының инженері Арай Мәдірова мен Павлодар мұнай-химия зауытының инженері Асқар Нұрғалиев өндіріс саласының үздік қызметкерлері болып танылды.
«Медиа» номинациясында «Pavlodarnews.kz» ақпарат агенттігінің тілшісі Ольга Бугаева мен «Ertis» телеарнасының шеф-редакторы Аяулым Рақымжанова марапатталды.
«Кәсіпкерлік» номинациясында «Navi» спа салоны» ЖШС директоры Клеопатра Шомко мен «VIBE STUDIO» ЖШС студиясының жетекшісі Александр Гаглоев жеңіске жетті.
«Спорт» номинациясында кикбоксингтен ұлттық құраманың мүшесі Шар Хамзин мен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерболат Сабыр марапатталды.
Белсенді қоғамдық қызметі үшін сыйлыққа Павлодар қаласының №24 мектебінің тарих пәнінің мұғалімі және Қазақстан халқы аймақтық Ассамблеясы жастар қанатының төрағасы Рамиль Смаилов пен Қазақстан Студенттер альянсының облыстық филиалының басшысы Ажар Аманжолова ие болды.
«Мәдениет» номинациясы бойынша «Qagan» этно-фьюжн тобының жетекшісі Ерасыл Әділбеков пен Павлодар музыкалық колледжінің студенті Руслан Галькеевтің мерейі үстем болды.
«Ерлігі үшін» номинациясы бойынша адам өмірін аман сақтап қалған Екібастұз қаласының Сәтбаев атындағы инженерлік-техникалық институтының студенті Исенова Мәлика марапатталды.
«Бірлігі жарасқан» номинациясында наградалар «Buka films» шығармашылық командасына және Екібастұздан келген көкпар құрама командасына бұйырды.
Сондай-ақ жастар саясатын дамытуға қосқан үлесі үшін бірден бес қоғамдық ұйым сыйлыққа ие болды. Олардың қатарында «Jebe» бірлестігі, «Жастар жобалары лигасы» жастар қоғамдық бірлестігі, Успен ауданының «Жас талап» жастар ұйымы, Әлеуметтік-волонтерлік орталық және «Жас сарбаз» балалар әскери-патриоттық қозғалысының облыстық филиалы бар.