Павлодарда Ертіс-Баян ІІ республикалық театрлар фестивалі өтеді

ПАВЛОДАР. KAZINFORM -Дәстүрге айнала бастаған өнер фестиваліне еліміздің түпкір-түпкірінен 11 театр қатысады деп күтіліп отыр.

Павлодарда Ертіс-Баян ІІ республикалық театрлар фестивалі өтеді
Фото: Аймауытов театры

25-30 қыркүйек күндері Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрында «Ертіс-Баян» IІ республикалық театрлар фестивалі өткізіледі. Дәстүрлі өнер фестивалі қазақ театр өнерінің көрнекті өкілі, Ж.Аймауытов театрының тұңғыш режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына орайластырылып отыр.

Павлодарда Ертіс-Баян ІІ республикалық театрлар фестивалі өтеді
Фото: Аймауытов театры

- Еліміздегі үздік өнер ұжымдарының қойылымдары бағаланатын театрлар додасы осымен екінші мәрте өткелі отыр. Фестиваль отандық театр өнеріндегі үздік жұмыстарды, заманауи театр үрдісінің негізгі тенденцияларын анықтау және театр өнерінің классикалық, заманауи мұралары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту, актерлік кәсіби деңгейді шыңдау, театр әлеміндегі жаңа есімдерді анықтау мақсатында ұйымдастырылады, - хабарлады Аймауытов театрынан.

Павлодарда Ертіс-Баян ІІ республикалық театрлар фестивалі өтеді
Фото: Аймауытов театры

Бұл фестивальдегі негізгі талап – қатысатын жұмыстар бұрын өзге театрлардың сахнасында қойылмауы керек әрі соңғы бір жыл ішінде премьерасы өткен болуы тиіс.

Еске сала кетейік, Абай атындағы театр 93-маусымын «Ақбала» балетінің премьерасымен ашты.