Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Павлодарда Ертіс өзені үстіндегі ескі көпір демалыс орнына айналуы мүмкін

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жүргізіліп жатқан сараптаманың қорытындысы оң болып, жобаны іске асыру мүмкіндігі расталған жағдайда ескі көпірді бейімдеу жұмыстары жүргізіледі.

Павлодарда Ертіс өзені үстіндегі ескі көпір демалыс орнына айналуы мүмкін
Фото: Валерий Бугаев

Павлодар қаласында Ертіс өзенінің үстінен салынып жатқан жаңа көпір биыл жыл соңына дейін ашылады деп күтіліп отыр. Ал тұрғызылғаны 64 жыл болған ескі көпірді сол қалпында сақтап, көпшілік серуендейтін орынға айналдыру жоспарланып отыр.

— Қазіргі уақытта жаңа көпірді салумен қатар, ескі көпірді сақтап қалу және оны қоғамдық кеңістікке бейімдеу мәселесі де қарастырылуда. Осы мақсатта қолданыстағы құрылымның техникалық жағдайы зерттеліп жатыр. Зерттеуді 2026 жылғы қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған, — деп хабарлады облыс әкімдігінен.

Егер техникалық жағдайы мүмкіндік берсе, көпірді қалалық ортаның бір бөлігі ретінде сақтап қалу мүмкіндігін қарастырылады. Бұл адамдардың демалуына арналған, жаяу жүргіншілер аймағы, орындықтар және көгалдандыру элементтері бар жақсы орынға айналуы мүмкін. Мамандар бұл нұсқаны жан-жақты есептеп, оның экономикалық тиімділігін көпірді бұзу шығындарымен салыстыруы қажет.

Егер сараптама рұқсат берсе, ескі көпірді бейімдеу жұмыстары 2027 жылы жүргізілетін болады.

Бұған дейін Ертіс арқылы өтетін жаңа көпірдің аралықтарын қыркүйек айында түйістіру жоспарланып отырғанын жазғанбыз.