Павлодарда Ертіс өзеніне 460 мыңға жуық сазан мен тұқы шабағы жіберіледі

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында күзгі балықтандыру науқаны аясында Ертіс өзеніне 460 мыңға жуық сазан мен тұқының биылғы шабағы жіберіледі. Балықтандыру жұмыстарын 12 шаруашылық жүргізеді, ал шабақтар еліміздің әртүрлі аймақтарынан жеткізіледі. 

Павлодарда Ертіс өзеніне 460 мыңға жуық сазан мен тұқы шабағы жіберіледі
Фото: Kazinform/ЖИ

Зайсан-Ертіс бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, Ертіс өзенін балықтандыру үшін қыркүйек-қазан айлары ең қолайлы кезең болып саналады. Соған байланысты жұмыстар кезең-кезеңімен іске асырылады.

- Бүгінгі таңда бір табиғат пайдаланушы балықтандыру жұмыстарын жүргізіп үлгерді. Су айдынына тұқының 100 мың шабағы босатылды. Сонымен қатар мемлекеттік тапсырыс шеңберінде қосымша шаралар ұйымдастырылады. Осы жылдың қыркүйек айының соңында Павлодар облысы шегіндегі Қ.Сәтбаев атындағы каналды балықтандыру жоспарланған, — деді Зайсан-Ертіс бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Жангелді Қарабаев.

Қ.Сәтбаев атындағы каналға Жамбыл облысынан жеткізілетін 151 мыңнан астам сазан мен тұқы шабағы жіберілмек.
Мамандардың айтуынша, бұл шаралар — су айдындарындағы балық қорын сақтау мен қайта қалпына келтірудің тиімді жолы.

Бұған дейін Ертіс бойында балық өсірудің қиындығы мен артықшылығы қандай екенін жазғанбыз.