Павлодарда Ертіс өзенінен өтетін үлкен көпір салынады – әкім уәдесі

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл Павлодар облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары аясында Ертіс өзенінен өтетін үлкен көпір салынады, одан бөлек 30 фельдшерлік-акушерлік пункті ашылмақ. Облыс әкімі Асайын Байханов «Jibek joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында сұхбат беріп, өңір жағдайымен таныстырды.

Асайын Байханов
Фото: Видеодан алынған кадр

Өңірдегі су тасқыны жағдайы 

«Бүгінде жағдай тұрақталды, қарғын су өтті. Президенттің тапсырмасына сәйкес, су тасқынынан келген залал төлемақысын өтедік. Жалпы саны 124 жер үй зардап шекті, оның ішінде 5 үй апатты жағдайда деп белгіленді, олардың құрылысы басталды, маусымның аяғында бітеді деп көздеп отырмыз. Төтемақы толықтай демеушілердің есебінен өтелді. Тасқын судың екінші кезеңі күтілуде, яғни Ертіс өзенінің көтерілуі. Қауіпті төмен деңгейде деп санаймыз, дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Өңірде адам және мал шығыны болған жоқ», - деді Асайын Байханов. 

Павлодар облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары 

«Облыс әкімінің орынбасары және Павлодар қаласының әкімі ретінде жоспарды жасауға қатыстым. Жоспар - қазір облыс әкімі ретінде менің басты қолданатын құжаттың бірі. Оның аясында 2023 жылға арналған барлық жоспар толығымен орындалды. Кейінге қалдырылған бір ғана жоспар облыс орталығындағы Ертіс өзенінен өтетін үлкен көпір салу. Оның себебі жобалық-сметалық құжат пен мемлекеттік сараптаманың кешігуі. Ол Көлік министрлігінің жауапкершілігінде, ол жерде жобалық-сметалық құжатқа көпір құрылысына бөлінетін қаражатты арзандату бойынша өзгерістер енгізілді. Бірінші жоба бойынша қымбатқа шықты, екіншіден конструкциясын өзгерту. Одан бөлек, биыл 30 фельдшерлік-акушерлік пункт салынады, оның бәрі ауылдық жерде тұрғызылады. Оның ішінде 12 пункт биыл, ал қалған 18 пункт 2025 жылы салынады. Қаражат толықтай Үкіметтің бюджетінен бөлінеді, бұл жұмыс менің бақылауымда», - дейді ол. 

«Оңтүстіктен солтүстікке»: Павлодарға жылына 5 мыңдай тұрғын көшіп келеді 

«Көші-қонның бірнеше себебі бар. Ең алдымен біз шекарада орналасқанбыз, көрші мемлекеттегі ірі қалада 10 млн халық тұрады. Ұлтаралық қарым-қатынас тығыз, өңірдегі халықтың 56,5% қазақ, қалған 43,5% өзге ұлт өкілдері, оның ішінде 30% орыс. Одан бөлек, ішкі көші-қон мәселесі де бар. Біз оңтүстіктен көші-қон бағдарламасын іске асырып жатырмыз, жыл сайын біз жаққа 3-5 мың адам (Түркістан облысы, Қызылорда облысы, Алматы облысы) көшіп келеді. Оларды алдымен тұрғын үймен содан соң жұмыспен қамтимыз, себебі жайдан-жай ешкім көшіп келмейді», - деді өңір басшысы. 

Павлодар индустриялық-өндірістік аймақ: мемлекеттің 42% электр энергиясы, 60% көмірі өндіріледі 

«Баянауылда 28 ауыл болса, бүгінде оның 6-да орталықтандырылған су құбыры жоқ. Құрылыс жүріп жатыр, биыл 4-ін аяқтаймыз, 2-і ендігі жылға қалады. Мен өзім Баянауылдың тумасымын (Мәшһүр Жүсіп ауылы). Ол жерде су құбырын салу оңай емес, себебі жері тасты. Қазір Торайғырда су құбырын салу жұмысы тоқтатылды, өйткені судың асты тас, оны бұзатын техниканы қолдансақ, онда ескі үйлерге зақым келеді. Ендігі жылы Баянауылдың елді мекендері ауыз су жеткізіледі», - деп уәде берді әкім. 

Екібастұздағы апат: тұрғындар биыл қыстан қалай шықты?

Айта кетсек, 2022 жылы 27 қарашада Екібастұз ЖЭО-сында апат болып, қала тұрғындары жылусыз қалды. 28 қараша күні таңертең қалада жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Сол жылы желтоқсанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Екібастұздағы жөндеу жұмыстарының барысы туралы Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдады. 

«2022 жылы болған апатқа байланысты Президент бірқатар тапсырма берген еді. Былтыр 9 тамызда Мемлекет басшысы Екібастұз қаласына іс-сапармен келді. Қаладағы апатқа қатысты 4 бағытта жұмыс жүргіздік, бірінші жылу орталығын жөндеу, екінші, желілерді жөндеу, үшінші, тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау және соңғысы жылу жүйесіне техникалық аудит жасау. Төрт бағыт толықтай орындалды, тек техникалық аудит биыл аяқталады, өйткенші кешенді жұмыс. Биыл қыста Екібастұзда жылыту маусымы тұрақты өтті. Негізі Павлодар, Екібастұз, Ақсу қаласындағы жылу желілерінің 86-90% тозған. Президент жүктеген міндетке сәйкес 10 жылыту қазандығының 8-і күрделі жөндеуден өтті, қалғаны ағымдық жөнделді. Одан басқа 70 шақырымға жуық желі жаңартылды. Екібастұзда ұзындығы 6 шақырым жетінші жылу магистриалы және 12 шақырымдық магистриалдық-техникалық су құбыры қыс бойы салынды, бір апта шамасында бітеді. Құрылыс аяқталды, енді қабылдап, іске асыруға дайындап жатырмыз», - деді ол. 

Майқайыңдағы апат: Асайын Байханов қайтыс болған жұмысшылардың отбасына көңіл айтып, кешірім сұрады

Еске сала кетейік, биыл 4 қаңтарда Баянауыл ауданы Майқайың кентіндегі «Майқайыңалтын» АҚ аумағында апат болды. Артынан қылмыстық іс қозғалды, ол бойынша жолдың опырылып құлау себептерін анықтау үшін еліміздің түрлі аймақтарынан тау-кен-құрылыс жұмыстары саласының мамандарын тарта отырып, бірқатар сараптама тағайындалған. 

Іс Бас Прокуратураның бақылауында. 

«Өндіріс секторында 80 мыңнан астам адам еңбек етіп жатыр. Өндіріс орнында жарақат алу, адам шығын жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ әр оқиға жеке зерттеліп, талдалып тиісті шешім қабылданды. Биыл 5 қаңтарда түнгі сағат 01:20-да Майқайыңда апат болды, оқиға орнына бардым. Жарық түскен соң апат орнынан 2 мәйітті алып шықтық, қалған адамдарды іздеу жұмысы жалғасты. Кейін іздестіруді уақытша тоқтаттық, оған себеп біз ғалымдарды тартып зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Мамандардың көмегімен ойылған шұңқырдың қандай қаупі бар, оның көлемі ұлғая ма, жоқ па соны білмекпіз. Шұңқырдың тереңдігі 60 метрден асады, оған түскен құтқарушылардың өміріне қауіп жоғары. Сараптаманың нәтижесі мамырдың басында дайын болады, соның нәтижесінде іздеу жұмысын жалғастыруға қатысты кеңес, қорытынды беруі керек», - деп толықтырды А. Байханов. 

Былтыр Павлодар облысына 800 млрд теңге инвестиция тартылған (85% жеке, 15% мемлекеттік), биыл көрсеткішті 1 трлн теңгеге жеткізбек. Инвестицияның дені өндіріске, одан әрі ауыл шаруашылығы, шағын және орта бизнеске құйылған. 

«Әкім алдымен халыққа жақын болу керек. Халықтың өмірімен экран арқылы емес, өз аяғымен барып танысу қажет. Кез келген проблема уақытылы шешілуі тиіс», - деп түйіндеді Павлодар облысының әкімі.

Соңғы жаңалықтар