Павлодарда есірткіге еліткен азамат автобус жүргізген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңірде «Автобус» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Қазірдің өзінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзуы бойынша 53 факті тіркелді.
Жүргізушілердің көпшілігі маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартылады. Рульде ұялы телефонды пайдаланғаны үшін 13 адам жазаланса, автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 5 фактісі және мас күйінде автокөлікті жүргізудің екі фактісі анықталды. Айыппұл тұрағына 5 көлік қойылды.
«Мысалы, Павлодар қаласының Академик Шөкин көшесінде «Фольксваген» автобусының өте баяу қозғалғаны полицейлердің назарына іліккен. Тәртіп сақшылары көлікті тоқтатып, күдік тудырған жүргізушіге медициналық сараптама тағайындады. Азаматтың есірткі шегіп, рульге жайғасқаны анықталды. Сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды», - деп хабарлады Павлодар қаласы полиция бөлімі патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Тәртіп сақшылары автобус жүргізушілері өздері тасымалдайтын жолаушылардың қауіпсіздігі үшін үлкен жауапкершілік иеленетінін еске салады.
Еске сала кетейік, «Қазпошта» арқылы жіберілген косметика бұйымдарының арасынан есірткі табылды.