Павлодарда фармацевт қателігінен бала антидепрессанттан уланды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодарда әйел адам дәрігердің тағайындауы бойынша сатып алған дәріні берген соң баласы уланып, аурухана түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Лермонтов көшесіндегі дәріханалардың бірінде қала тұрғыны 2019 жылы туған балаға дәрігердің рецептісі бойынша дәрі сатып алған. Дәрі қабылдағаннан кейін кәмелетке толмаған бала өзін нашар сезінген», - деп хабарлады журналистерге Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Анасы дереу жедел жәрдем шақырған. Бала ауруханаға антидепрессанттан улану диагнозымен түсті.
«Анықталғандай, фармацевт қателесіп, дәрігердің тағайындауынан басқа дәріні сатқан», - дейді полиция қызметкерлері.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 317-бабы «Медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.