Павлодарда грант иеленген 8 жауынгер университетте тегін оқиды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшілері еліміздің бірқатар жоғары оқу орындарына түсу гранттарына ие болды.
Бұл туралы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен хабарланды.
«Павлодардағы 5512 әскери бөлімінде жалпы саны 8 сарбаз жоғары оқу орындарына жолдама алды. Жауынгерлерге „Әскери міндеттілер 2.0“ платформасы арқылы жоғары білім алудың таптырмас мүмкіндігіне беріліп отыр. Автоматты түрде жүйеленген бағдарламада сарбаздың әскерге келген күннен бастап қызмет атқару кезіндегі бағалары, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланады. Бұдан бөлек, әскери өмірдегі жауынгерлік дағдылар, түрлі іс-шараларға белсенділікпен қатысуы да ескеріледі» делінген ақпаратта.
Білім серификатына ие болғандардың бірі — Максим Шиш.

Алматы облысынан шақыртылған азамат алдағы уақытта Шымкент қаласындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде білім алмақ.
«Әскерге дейін Алматы қаласындағы гуманитарлық және техникалық колледжден орта білім алдым. Алдағы мақсатым жоғары білім алу болатын. Сондықтан Ұлттық біріңғай тестілеуге жатпай-тұрмай екі-үш ай дайындалу қажет деп уайымдап жүргенмін. Ұлттық ұлан қатарында грант иесі атануым мен үшін тосын сый болды. Өйткені, бір оқпен екі қоянды атқандай сезім кешіп тұрмын. Қуанышымда шек жоқ», — дейді қатардағы жауынгер Максим Шиш.
