Павлодарда халал-пиццерия ашылды
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов «Додо Пицца» франшизасы бойынша жұмыс істейтін отбасылық тамақтану орнының ашылуына қатысты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Мұнда пиццаның 20 түрі мен тіске басар, десерттер, салаттар, паста мен сусындар ұсынылады.
«Заманауи тамақтану орны цифрландыру элементтеріне ие болуы тиіс», - дейді өңір басшысы.
Оның сөзінше, бұл дәмханада барлығы цифрландырылған, қызметкерлер планшеттер пайдаланады. Мұндайды барлық жерлерде енгізу керек. Павлодар осындай отбасылық орын ашылған үшінші қала атанды.
«Біздің пиццериялар желісі Алматы облысында үш, Қостанайда екі дәмхананы иеленеді. Бәрінде де тамақты тез әзірлеп, тапсырыстарды лезде жеткізуге тырысады. Павлодар тұрғындары мен қала қонақтары да мұны бағалайды деп үміттенемін», - дейді Hightower компаниясының басқарушы директоры Константин Тарасов.
Оның айтуынша, ас мәзірінде маусымдық азық-түліктер көп қолданылады. Жаңа жыл қарсаңында дәмханада пицца-оливье ұсыныла бастайды.
«Пиццерияның тағы бір ерекшелігі - мұнда алкоголь сатылмайды және тағамдар әзірлегенде шошқа еті қосылмайды. Мұнда балалар шеберлік сабақтарын өткізеді. Сондай-ақ қайырымдылық жобаларға қатысуға ниеттіміз. Қонақтардың назарына балаларға арналған бөлме мен кәсіби үстел футбол Kicker ойыны, сондай-ақ DODO FM радиостанциясының үздік әндері ұсынылады», - дейді басқарушы директор.
Оның сөзінше, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету мақсатында ресейлік басқарушы компания аптасына екі рет «Құпия сатып алушы» тексерістерін ұйымдастырады. Тапсырыстар қаланың кез келген ауданына бір сағатта жеткізуге кепілдік беріледі. Егер тапсырыс осы уақытқа дейін жеткізілмесе, дәмхана атынан үлкен пиццаға сертификат беріледі. Пиццерияны салуға жұмсалған инвестиция 50 миллион теңгені құрады. Жаңа тамақтану орнында барлығы 35 адам жұмыс істейді деп жоспарланған. Жұмыскерлердің жалақысы 80-150 мың теңге.
Суреттер pavlodarnews.kz сайтынан алынды