Павлодарда интернет арқылы танысқан қыз ер адамның телефонын ұрлап, ломбардқа өткізіп жіберген

ұялы телефон ұрлығы
Фото: ашық дереккөзден

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Ол ұялы телефондағы қосымша арқылы 57 мың теңге қаражатты өз есепшотына аударып та үлгерген. Қазіргі уақытта полиция іс қозғап, сотқа бағыттады.

Павлодар қаласында тұратын ер азамат интернетте танысқан қызды үйіне қонаққа шақырған. Екеуі уақытты көңілді өткізіп, соңынан қызды шығарып салған. Алайда қонағы кеткен соң жігіт үйінде тұрған ұялы телефонын таппай қалған. Полиция қыздың жеке басы мен орналасқан жерін анықтап, қолға түсірді.

«Қыз уақытын текке өткізбеген. Ол ұсталғанға дейін телефондағы мобильді қосымшаға кіріп, ондағы 57 мың теңгені өзіне аударып алған. Одан соң смартфонды ломбардқа тапсырған. Түскен ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған», деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Соңғы жаңалықтар