Павлодарда К5 бензиніне қажетті алкилат өндіретін зауыт салынып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Павлодарда алкилат өндіретін жаңа зауыт 2027 жылы іске қосылады, деп хабарлайды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Энергетика министрлігі мұнай-газ-химия саласын дамыту, көмірсутек шикізатын терең өңдеуді кеңейту және қосылған құны жоғары өнім өндіру бойынша жұмысты жалғастырып келеді. Осындай жобалардың бірі — Павлодар қаласында алкилат өндіретін зауыттың құрылысы. Құны 35,5 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жобаны «INTERTRANS C.А.» ЖШС жүзеге асырып жатыр.
Қазір құрылыс алаңында белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, су деңгейін төмендету жұмыстары жүргізіліп, тауарлық парктер мен сорғы станцияларына арналған іргетастар тұрғызылып жатыр, сондай-ақ әкімшілік ғимараттар салынып жатыр.
— Жоба жылына 110 мың тонна бутан-бутилен фракциясынан 97,6 мың тонна алкилат өндіруді көздейді. Алкилат — жоғары октанды әрі экологиялық таза мотор отынының компоненті, ол К5 стандартына сәйкес келетін бензин өндіруде пайдаланылады, — делінген министрлік хабарламасында.
Жобаны іске асыру көмірсутек шикізатын тереңірек өңдеуді қамтамасыз етіп, мұнай-газ-химия саласы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, негізгі өткізу нарығы жоғары октанды бензин өндіретін отандық зауыттар болады. Сонымен қатар экспорттық жеткізілімдер де қарастырылған.
Құрылыс кезеңінде 500-ге дейін жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін 178 тұрақты жұмыс орны құрылады.
Негізгі технологиялық жабдықтарды жеткізу 2026 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Зауытты пайдалануға беру 2027 жылдың IV тоқсанында жоспарланып отыр.
Қазақстанда өндіріс көлемін ұлғайту және мұнай-газ-химия саласын дамыту мақсатында бірқатар ірі жоба іске асырылады. Олардың қатарында карбамид, бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары бар. Бұл жобаларды іске асыру көмірсутек шикізатын терең өңдеуді кеңейтуге, саланың экспорттық әлеуетін арттыруға және тиісті өнімдер бойынша елдің ішкі қажеттіліктерін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қазақстан мұнай-газ химиясына 15 млрд доллар инвестиция тартуды көздеп отырғанын жаздық.