Павлодарда қаланы айнала ұшқан ұшақ жұрттың зәресін алды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодарда қала аспанын қайта-қайта айналып ұшқан ұшақ көпшілікті алаңдатып қойды. Жақында ғана қайта ашылған әуежайдан бұрын әуе кемелері бұлайша жиі көтерілмейтін.
Тұрғындардың айтуынша, ұшақ шаһар аспанына бірнеше мәрте көтеріліп, қараңғы мезгілде 2-3 сағат бойы ұшумен болған.
Қала аспаны гүрілге толып, кешкілік жұмыстан үйлеріне оралып жатқан жұртшылық алаңдай бастады.
Анықтағанымыздай, көптің мазасын алған ұшақ ҚР Ұлттық ұланының ұшағы болып шықты.
— Павлодар әуежайы маңында ұшу құрамын қысқы кезеңге дайындау аясында жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары өткізіліп жатыр. Ұшулар штаттық режимде, кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Ұшқыштар қысқы уақытта кез келген жағдайға дайын болуы үшін әуеде түрлі әдістермен ұшады. Көпшіліктен алаңдамауды сұраймыз, — деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметінен.
Бұған дейін Баянауылда орманды қорғау жұмыстарына пайдаланылатын тікұшаққа оқ атылғаны туралы жазғанбыз.