Павлодарда қарақұмықтың келісі 470 теңгеден сатылып келген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыс орталығындағы сауда нүктесінің иесі қарақұмықты 470 теңгеден саудалап келген. Ал жергілікті нарықта аталған жарма өнімінің босату бағасы 198 теңге болған.

Павлодар облысында әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының шектен тыс қымбаттауына қатысты тұрғындар тарапынан шағым жиілеп тұр. Өнімге қосылатын үстемені 15 пайыздан асырып жіберген 95 дүкеннің иесі жазаға тартылған.
«Жыл басынан азаматтардың шағымы бойынша жоспардан тыс 65 тексеру жүргіздік. Нәтижесінде 59 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса мемлекеттік органдардың шағымы бойынша тағы 36 кәсіпкер жазаланды. Кәсіпкерлер көбіне жарма өнімдеріне, қантқа және күнбағыс майына бағаны өсіріп белгілейді. Мәселен, әлдебір сауда нүктесінің қожайыны қарақұмықтың килограмын 470 теңгеден сатқан. Ал оны босату бағасы — 198 теңге. Біздің мамандардың араласуымен аталған дүкендегі қамақұмық бағасы 227 теңгеге түсірілді», дейді Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдышев.
Еске сала кетейік, Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын көтергендер анықталды.