Павлодарда қараша айы климаттық нормадан 2 градусқа жылы болады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодар облысында қараша айында орташа ауа температурасы климаттық нормадан 2 градусқа жоғары болады. Сонымен қатар өңірде жауын-шашын мөлшері де нормадан артық түсуі мүмкін.
«Қазгидромет» мамандарының мәліметіне қарағанда, қараша айындағы орташа ауа температурасының климаттық нормасы — 4,9…-6,8 градус аралығында.
Айдың басында түнде ауа температурасы -3…+7 градус, күндіз +2…+12 градус болады деп болжанып отыр.
Одан соң күн аздап суытып, түнде -3…-8 градусқа дейін төмендейді. Облыстың солтүстігінде -11 градус аяз болуы ықтимал. Күндіз ауа температурасы 0…-5 градус аралығында болады.
— Қараша айының алғашқы онкүндігінің соңында ауа райы қайта жылынады. Түнде -3…+2 градус, күндіз +2…+7 градус жылы болады. Кейін температура төмендеп, түнде -3…-13 градус, күндіз +2…-7 градус аяз күтіледі. Ай ортасына таман температура тағы құбылып, түнде -1…-10 градус, күндіз +1…-6 градус аралығында болады. Ал айдың соңында біртіндеп суытады. Түнде -1…-15 градус, күндіз +1…-10 градус аяз болжанып отыр, — деп хабарлады «Қазгидромет» мекемесінен.
Синоптиктердің мәліметінше, қараша айындағы жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болады. Ай басында жаңбыр, ортасы мен соңында қар жаууы мүмкін. Сондай-ақ боран соғып, көктайғақ қалыптасуы ықтимал. Кей күндері жылдамдығы секундына 15-20 метрге дейін жететін жел соғуы мүмкін.
Еске салайық, Ақмола облысында қараша жылы басталып, ай соңында аяз күшейетінін хабарлаған едік.