Павлодарда қатыгездікпен өлтірілген 7 жасар Милананың ісі бойынша сот басталды

жоғалған адам
Фото: Polisia.kz

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта Милана Давыдованың өліміне себепкер болған оқиға бойынша сот ісі басталды. Жантүршігерлік оқиға былтыр күзде Екібастұздың Бесқауға ауылында болған.

Естеріңізде болса, өткен жылдың 17 қарашасында анасы жеті жасар Милана Давыдованың жоғалғаны туралы полицияға хабар түсірді. Оны іздеуге полиция, төтенше жағдайлар қызметі, еріктілер мен жүздеген жеке азамат жұмылдырылды.

Көпшілік Бесқауға ауылының аумағын қанша сүзсе де, оқушыны таппады. Ал 19 қараша күні полицейлер оның анасын сұрақтың астына алғанда ол қызын өз қолымен өлтіргенін мойындаған еді.

Соңынан көңілдесі екеуі жасырып қойған жерден Милананың денесін көрсетіп берді.

Алдын ала тыңдауда айтылғандай, қыздың өліміне анасы Д. мен оның серіктесі А. кінәлі ретінде айыпталып отыр.

Прокурор Гүлмира Төлебаева екеуі қызды 2023 жылдың 17 қарашасында Бесқауға ауылында өлтіргенін, қылмыс жасаған күні Давыдовтар отбасының көршісі А. әйелге бір бөтелке алкогольді ішімдік алып барғанын баяндады. Мәліметтерге сүйенсек, көршісі Т-ның көңілдесі болған.

Соттың алғашқы отырысында мемлекеттік айыптаушы екеуі ішімдікті жүйелі іше отырып, соңы интимді қарым-қатынасқа ұласқанын жеткізді.

17 қараша күні әйелдің күйеуі мал бағуға кетсе, ал балалары мектепте болған. Соны пайдаланып екеуі жыныстық қарым-қатынасқа түскен.

Осы уақытта кішкентай қызы Милана Давыдова мектептен оралып, анасының ұятсыз қылығына куә болған.

«Милана анасының бұл қылығын әкесіне жеткізетінін айтып, ызадан қатты жылап, үйдің ішкі бөлмесіне жүгіріп кіріп кеткен. Тап сол уақытта мас болған Д. күйеуінің көзіне шөп салған әрекетін қызы айтып қояды екен деп, бірден оны өлтіруді ойына алған. Артынан барып сол қолының жұдырығымен қызының бетінен екі рет ұрып, еденге құлатқан. Қылмыстық әрекетін әрі қарай жалғастырып, қолына түскен белбеумен Милананың арқасына көп соққы жасаған. Бұл соққылардың салдарынан қыз бала есінен танып қалған. Одан соң серіктесі А.-ға қолындағы белбеуін берген. А. белбеуді қыздың мойнына орап, буындырған. Осылайша өкпесіне ауаның жетуін бөгеп тастаған», деп оқыды Гүлмира Төлебаева.

Сотта анасы кінәсін толық мойындап, өзінің бұл қылмысты жасағанына шын ниеттен өкінетінін жеткізді.

Ал екінші айыпталушы А. прокурордың айыптау актісімен толық келіспейтінін айтты.

«Қызды өлтіруге мен қатысқан жоқпын. Д. қызын мен келгенге дейін өлтірген. Мен тек оның мүрдесін жасыруға қатыстым» деп ақталды ер адам.

Белгілі болғандай, ер азамат бұған дейін бірнеше мәрте сотталып, өмірінің 30 жылдан астам уақытын темір тордың ар жағында өткізген.

Көп жағдайда мерзімінен бұрын және рақымшылыққа ілігіп босап шығып отырған. Соңғы рет өзгенің мүлкін тонағаны үшін бір жылға бас бостандығы шектелген,

Милананы өлтіру сәтінде ол осы жазасын өтеп жүрген көрінеді.

Марқұм қыздың әкесі Александр Колчин жұбайы отбасылық өмірде қалыпты әйел болғанын, кейде балаларына ұрысып, еркелігін көтермей, қол көтеретінін айтты. 

Отбасында тағы екі бала бар. Оның бірі Милананы өлтіру оқиғасына куә болған.

Екібастұз қаласының білім бөлімі Д-ның қалған екі баласы бойынша ата-аналық құқығынан айрылғанын хабарлады.

Еске сала кетейік, Милана 17 қараша күні Екібастұздан 50 км жердегі Бесқауға ауылында жоғалып кетті.

Осы күні кешкісін сағат 9:00 шамасында қыздың анасы полицияға шағым түсірді. Милананы екі тәулік бойы 400 адам іздеді.

Тіпті іздеу жұмыстарына тікұшақ пен кинологтар да жұмылдырылды.

19 қарашада 7 жасар Милананың денесі қоқыстан табылды.

Кейін Павлодар облысы әкімінің орынбасары, Екібастұздың әкімі, басқарма басшылары сөгіс алды.

Соңғы жаңалықтар