Павлодарда қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифі өзгереді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Жаңа тариф 14 наурыздан қолданысқа енгізіледі. Өзгеріс коммуналдық қызметтің сапасын артыруға негіз болмақшы.

Павлодар қалалық мәслихаты қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару тарифін 9 %-ға өсіру туралы шешім қабылдады.
Қоқыс шығару қызметі құнының өсуіне коммуналдық кәсіпорынға жаңа көлік құралдары мен еуроконтейнерлер сатып алу себеп болған. Коммуналдық қызметтің сапасын арттыру әрі қоқысты сұрыптап жинау мәдениетін енгізу үшін белгілі бір шығындар қажет етіліп отыр. Қалалық мәслихат депутаттары «Спецмашин» ЖШС-нің ұсыныс-тілегін тыңдай келе, тарифті көтеруге шешім қабылдаған.
«Тарифтен түсетін қаражат қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, шығару, сұрыптау және көму қызметтері бойынша жұмыстарды сапалы ұйымдастыруға негіз болады. Бұған қоса инфляцияның әсері, жанар-жағармайдың қымбаттауы да бар. Өткен жылы «Спецмашин» бізбен бірлесіп қоқыс орындарын абаттандырды. Оған қоса 18 көлік сатып алып, штаттағы қызметкерлер санын арттырды. Бұрын қоқыс шығару жұмыстарына екі адам қажет болса, қазір үш қызметкер керек», - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Әбілқасым Оспанов.
Жаңа тариф биылғы 14 наурыздан қолданысқа енгізіледі.
Еске сала кетейік, Павлодарда қоқысты сұрыптап жинаған тұрғындар коммуналдық қызметке аз төлеуі мүмкін.