Павлодарда қазақ күресінен ҚР чемпионаты өтіп жатыр
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында қазақ күресінен 2003-2004 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өтіп жатыр. «Автомобилист» спорт кешенінде өткен салтанатты ашылу рәсімінде шаһар басшысы Нұржан Әшімбетов жас палуандарға сәттілік тіледі, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
«Барлықтарыңызға Ертіс өңіріне қош келдіңіздер дегім келеді», - деді Нұржан Әшімбетов. - Қаламызда ауқымды , республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстар өтіп тұрады. Сіздер де Наурыз мерекесінің қарсаңында өңірімізге табан тіреп тұрсыздар. Баршаңызды келе жатқан Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Наурыз тек қана жақсылықтар алып келсін! Болашақтарыңыз жарқын болсын! Осы додада төрешілерге әділдік, палуандарға сәттілік тілеймін!».
Павлодар облыстық қазақ күресі федерациясының атқарушы директоры Дархан Жоламанов өңірде өтіп жатқан бәсекеге 400-ге жуық спортшы қатысып жатқанын атап өтті. - Бұл чемпионатқа еліміздің барлық облыстарынан және Астана, Алматы қалаларының үміткерлері қатысуда, - деді Дархан Жоламанов. - Палуандар сегіз салмақ дәрежесі бойынша бақ сынайды. Бізде өтіп жатқан жарыстың ерекшелігі - өзге чемпионаттарда әр өңірден бір салмақтан бір-екі спортшы қатысса, бұл сында командалар әр салмаққа үш үміткерден қосып отыр. Сондай-ақ, жүлделі бірінші және екінші орын алғандар «Қазақ күресінен ҚР спорт шеберіне үміткер» атанады.
Айта кетелік, 384 жас палуандар күш сынасып жатқан чемпионат үш күнге жалғасады.