Павлодарда қолқаны ататын жағымсыз иіс қайдан шықты

экология
Фото: Павлодар облысының экология департаменті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Соңғы күндері павлодарлықтар қала аумағын мүңкіген жағымсыз иіс жаулап алғанына жаппай шағымдануда. Кешкілік шаһар ішінде мұнай өнімдерінің иісіне келетін, қолқаны ататын сасық иіс жайлап, тұрғындар пәтерлерінің терезелерін ашудан қалды. Бұдан кейбір адамдардың бастары ауырып, созылмалы аурулары мазалап жатқанын айтады.

Бұл тұрғыда көпшіліктің пікірі екіге жарылып тұр. Бірі мүңкіген иіс қаланың Өнеркәсіп ауданы аумағынан келеді десе, енді бірі көшелерге төселіп жатқан жаңа асфальттан шығып жатыр деген пікірде. Жалпы иіс мұнай өнімдерінің иісіне келетінін айтады тұрғындар.

Жұртшылықтың шағымына орай Павлодар қаласы мәслихатының депутаттары өңірлік экология департаментіне жазбаша хат түсірді. Онда тұрғындардың жергілікті ірі кәсіпорындардың атмосфераға қауіпті қалдықтарды шығаруы бойынша күдігі бар делінген. Депутаттар соған орай Павлодар қаласындағы ауаға мониторинг жүргізуді сұрады.

Ал экология департаменті өз кезегінде бүгін күндіз «Қазгидромет» мекемесінің филиалы мониторингті бастап кеткенін мәлімдеді.

Павлодар облысы
Фото: Павлодар облыстық Экология департаменті

 

- «Қазгидромет» филиалы ауа сапасын күнделікті тексеруді 7 стационарлық метеопостта жүзеге асырады. Онда атмосфералық ауаның сапасын өлшеу нақты уақыт режимінде үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Қала тұрғындарының мұнай өнімдерінің иісіне қатысты көптеген шағымдарына байланысты атмосфералық ауа параметрлерін өлшеу үшін Экология департаменті, Жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы, «Қазгидромет» филиалы мамандарының бірлескен сапары ұйымдастырылды. Өлшеулер мұнай өңдеу өнімдерінің шығарындыларымен сипатталатын кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймағының шекарасында жүргізілді («Компания Нефтехим LTD» ЖШС, «ПМХЗ» ЖШС, асфальтбетон зауыттары (АБЗ). Деректердің дұрыстығы үшін мониторинг түнгі уақытта жалғасатын болады. Талдау жүргізіп, атмосфералық ауаны сынау нәтижесін алғаннан кейін нақты ақпаратты қосымша хабарлаймыз», деп мәлімдеді департаменттен.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ақтауды жағымсыз иіс жайлағаны туралы жазған едік.

 

Соңғы жаңалықтар
telegram