Павлодарда қызды ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық із қозғалды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өзінен үш жас ересек қызды аяусыз ұрған бойжеткен профилактикалық есепке алынған. Әрі оның оның заңды өкілі бала тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапқа тартылды.

Бұл туралы Павлодар облысы полиция департаментінен хабарлады.
- Ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмаған қыз заңды өкілінің жауапкершілігіне тапсырылды. Бұған қоса балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін оның заңды өкілі жауапқа тартылды. Жасөспірім профилактикалық есепке алынды. Павлодар қаласы әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді,-деп мәлімдеді.
Ювеналды полиция қызметкерлері болашақта мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған профилактикалық шараларды жалғастыруда.
Еске сала кетейік, желіде 2008 жылғы бойжеткеннің 2005 жылғы қызды аяусыз ұрып жатқан видеосы тарады.
Олар жергілікті колледждердің бірінде оқиды.