Павлодарда қызылшамен ауырғандар саны күрт өсті

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Жыл басынан бері жұқпалы дертті 349 адам жұқтырған. Оның жартысына жуығы — Павлодар қаласының тұрғындары.

аурухана
Фото: Pexels

Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен хабарлағандай, қызылшамен ауырғандардың 25 пайызы — Екібастұзда, 20 пайызы — Ақсуда, ал 40 пайызы — Павлодарда тіркелген. 

Ауылдық жерлер бойынша Баянауыл ауданы көш басында тұр.

— Қызылша жұқтырған науқастар санының көбеюіне ата-анасының балаларына вакцина салғызудан бас тартуы себеп болып отыр. Көбіне 14 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады, олардың 90 пайызы егілмеген. Ересектер арасында да жұқпалы ауруға шалдыққандар аз емес, жалпы науқастардың 22 пайызын солар құрап отыр, -деп хабарлады департаменттен.

Өткен жылдың қараша айынан облыста қызылшаға қарсы вакциналау жүріп жатыр.

Жаппай иммундау шеңберінде облыста 31058 адам егілді, оның ішінде 2388-і — 6 айлық балалар және 2 жастан 4 жасқа дейінгі 17066 бала бар.

Қызылша отит, пневмония, бронхит, энцефалит сияқты асқынулармен қауіпті.

Аурудың ауыр ағымында есту және көру жүйкесі жиі зақымдалады, көру қабілеті нашарлайды. 

Ауру бауыр мен бүйрекке теріс әсер етеді, иммунитетті айтарлықтай бұзуы мүмкін.

Қызылшаға қарсы әдеттегі екпе қызылша вирусының ауыр зардаптарын болдырмауға көмектеседі.

Соңғы жаңалықтар