Павлодарда көліктері көп түтін шығаратын 69 жүргізуші анықталды

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысында жыл басынан бері түтіндерінде ластаушы заттардың болуы нормативтерден асып кеткен көлік құралдарының 69 жүргізушісі анықталды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Павлодарда көліктері көп түтін шығаратын 69 жүргізуші анықталды

Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, барлық ереже бұзушылар ҚР ӘҚБтК 334-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Полицейлер мен экологтар түтін өлшегіш арнайы құралдың көмегімен пайдаланылған газ шығаратын құбыр арқылы нақты автокөліктің қала ауасын қаншалықты ластайтынын анықтайды, - деді департаментте.

Егер шығару деңгейі рұқсат етілген нормалардан асып кетсе, полиция қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 334-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырады. Оның санкциясы 10 АЕК мөлшерінде айыппұлды көздейді, қайта анықталған кезде - 20 АЕК айыппұл салынады.

«Жуырда Ломов көшесінде полиция қызметкерлері «Ауди» маркалы көлікті тоқтатты. Тексеру кезінде автокөліктің түтін шығару деңгейі нормадан асатыны анықталды. Аталған ереже бұзушылық бойынша 32 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, - деді департаментте.

Айта кетейік, тек бір күнде Павлодар қаласында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бұндай 5 фактіні анықтады.