Павлодарда колледж басшысы 10 жыл бойы бюджет қаражатын жымқырып келген
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар қаласындағы түсті металлургия колледжінің бұрынғы басшысы мемлекетке 130 млн теңгеден астам материалдық шығын келтіргені үшін 7 жылға бас бостандығынан айрылды. Бұған қоса сот шешімінен оның есепшотындағы қаражаттың барлығы тәркіленді.
Павлодар қаласының № 2 соты лауазымды тұлға Б.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Ол 2013-2023 жылдар аралығында түсті металлургия жоғары колледжінің басшысы қызметінде жүріп, бюджет қаражатын жымқырған.
«Колледж басшысы жалған қызметкерлердің есепшотына ай сайын белгілі көлемде жалақы төлемдерін жүргізіп, оны өзі иемденіп келген. Әдейі бұрмаланған мәліметтері бар жұмыс уақытын есепке алу парақтарына қол қойған. Соның салдарынан мемлекетке жалпы сомасы 130 миллион теңгеден астам материалдық шығын келтірілген»,-деп хабарлады №2 қалалық соттың баспасөз қызметінен.
Сот Б.-ға банк шотындағы ақшалай қаражатын тәркілеумен 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айырды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, Павлодарда елік атқандар сотталды.