Павлодарда колонияға жіберілген бөлке нанның ішінен телефон табылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Павлодар облысындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің бірінде сәлемдеме арқылы ұялы телефон кіргізу әрекеті тоқтатылды. Тыйым салынған зат нанның ішіне жасырылған.
Өңірлік қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің № 63 мекемесінде сәлемдемені тексеру барысында бөлке нанның ішіне жасырылған ұялы телефон анықталды.
- Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды, - деп хабарлады департаменттен.
Департамент мамандарының мәліметінше, жыл басынан бері облыстағы мекемелерде тыйым салынған заттарды түрлі тәсілдермен өткізуге қатысты өзге де деректер анықталған. Атап айтқанда, мұндай заттар шай қаптамаларына, печенье қораптарына, шоколадқа, майлықтарға және құрылыс материалдарына жасырылған.
Қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері мекемелерде белгіленген тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ тыйым салынған заттарды өткізу әрекеттерінің алдын алу және жолын кесу жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін Павлодардағы №46 мекеме қызметкерлері 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, тыйым салынған затты жеткізу әрекетінің жолын кескен болатын.