Павлодарда комаға түсіп қалған үш жасар қыздың жағдайына байланысты тексеру жүріп жатыр

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Павлодардағы «Ажар» жекеменшік стоматологиялық клиникасында ем қабылдау кезінде жағдайы күрт нашарлап, жансақтау бөліміне түскен үш жасар қыздың жағдайына байланысты тексеру жүргізіліп жатыр. 

Тіс емдеу
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Бұл туралы Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков мәлімдеді.

Оның айтуынша, баланың жағдайы өте ауыр. Жеткіншекті құтқару үшін Алматыдан бас штаттан тыс балалар реаниматологы шақырылған.

— Қыз бала аталған клиникаға үшінші рет барған. Процедура кезінде оған инъекция жасалмаған және жансыздандыратын дәрілер қолданылмаған. Баланың жағдайы нашарлаған соң жедел жәрдем шақырылып, ол облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Қыз бірден жансақтау бөліміне жатқызылған, — дейді ол.

Қазіргі уақытта бала комада жатыр және өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Дәрігерлер күн сайын консилиум өткізіп, науқастың жағдайын бақылауда ұстап отыр. Басқарма басшысының мәліметінше, аурухана қажетті медициналық жабдықтармен және дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген.

— Ата-анасымен күн сайын сөйлесіп, баланың жағдайы туралы хабарлап отырамыз. Анасы үнемі ауруханада жүр. Мен де баланы күн сайын өзім барып көремін. Ата-анасы үшін бұл өте ауыр жағдай, — дейді Ермек Кучуков.

Оның сөзінше, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша өңірлік Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаменті пациенттің медициналық көмек алу барысына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қызметтік тергеу басталған.

Құқық қорғау органдары стоматологиялық клиникадағы барлық бейнежазбаны тәркілеген. Медициналық қызметкерлердің әрекетіне немесе әрекетсіздігіне құқықтық баға берілмек.

Еске сала кетейік, Павлодарда стоматологиялық ем кезінде жағдайы күрт нашарлаған үш жастағы бала жансақтау бөліміне түсті.