Павлодарда қос азаматтықпен жүрген тұрғын елден шығарылды
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Полицейлер Павлодар облысы Шарбақты ауданының тұрғынында қос азаматтық бар екенін анықтады. Ресей төлқұжатын алған әйел бұл туралы көші-қон қызметіне де, дипломатиялық өкілдіктерге де хабарламаған.
– Шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шарбақты аудандық сотының шешімімен ол Қазақстан Республикасының азаматтығынан айырылып, еліміздің аумағынан шығарылды. Сондай-ақ оған Қазақстан аумағына кіруге тыйым салынды, – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Қанат Сартов.
Ведомствоның мәліметінше, жыл басынан бері өңірде шетел азаматтығын алғаны туралы хабарламағаны үшін 5 азамат жауапкершілікке тартылған. Олардың екеуі сот шешімімен ҚР аумағынан шығарылып, елге кіруге тыйым салынды.
Еске сала кетейік, ШҚО-да қос азаматтықпен жүрген 11 адам елден шығарылды.